Қазақстандағы өзге ұлт өкілі тарихи отанына оралса, Ұлттық қордың қаржысы берілмеуі қажет
Сапарбай Жобаев – сарапшы
Президент жолдауынан кейін көптің талқысына түскен тақырыпқа қатысты экономика ғылымдарның кандидаты Сапарбай Жобаев пікір білдірді. Экономистің пайымынша, жыл сайынғы инфляция қарқынына қарамастан 18 жылдың ішінде баланың шотында кем дегенде 4-5 миллион теңге жинақталады. Сол сияқты қаржының басым бөлігі негізінен баспана алуға жұмсалады деп санайды. Сарапшы баспана алар кезде ел азаматтарына нақты шектеу қойылмаса ішкі экономика құлдырайтынын да баса айтты. Azattyq Ruhy тілшісі осы орайда экономика саласының маманымен сұхбат ұйымдастырды.
– 18 жасқа дейін баланың шотына Ұлттық қордан ақша аударылады дегенді естіген ата-аналар қуанғаны анық. Артынша жұртшылық кәмелетке жасқа дейін қанша көлемде қаражат жиналатынын есептеуге кірісті. Сіздің есебіңізше, жыл сайынғы бала туу көрсеткішін, инфляцияның қарқынын және Ұлттық қордың инвестициялық табысының көлемін ескере отырып, шамамен 18 жастағы баланың шотына қанша қаражат жиналуы мүмкін?
– Бұл ең алдымен, ел азаматтарының Қазақстандағы жер асты байлықтарына өздерінің қол жеткізуінің бірден-бір жолы деп қарау керек. Бүгінге дейін мұнайдан, металдан, газдан түскен байлықты Ұлттық қорға жинап, кейін бюджетке салып, атаулы жәрдем берместен сол бюджеттің жағдайын жақсартып тұрдық. Ал енді жастарға есеп шот ашу деген өте дұрыс шешім. Араб елінде осындай үрдіс бар екенін естіп жүрміз. Бұл еліміздің бақуатты мемлекеттер қатарына ұмтылып жатқанын аңғартады.
Есептеп қарасақ, қордағы қаражатты қазіргі 7 миллион баланың бәріне бөліп тұрмыз. Бірақ кейбір балалар 15 жаста. Ол бала 3 жылдан кейін 18 жасқа толады. Оның шотына көп емес, асып кетсе 100-200 мың теңге жиналатын шығар. Сондықтан бүгінгі күндегі 3,5 млрд теңге табысты барлық бала санына шаға салу дұрыс емес сияқты. Инвестициялық табыстың да көлемі өзгеріп отырады. Зейнетақы қорындағыдай оған да табыс қосылып отырады. Менің пайымдауымша, биыл туған бала 18 жасқа толғанша шотындағы қаражат 4-5 миллион теңгеге жету керек. Бұл әрине ата-ананы ынталандырады. Аталмыш қаражат үйдің бастапқы жарнасына немесе оқу ақысын төлеуге септігін тигізеді.
Меніңше, оқимын деген баланың бәрі грантқа қол жеткізеді. Қазірдің өзінде колледждерге грант бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көп бөлініп жатыр. Сондықтан жиналған ақша оқуға емес, баспана алуға жұмсалады деп ойлаймын. Өйткені, тұрғын үй мәселесі өте күрделі. Оны шешу үшін ұзақ жылдар қажет. Кеңес дәуірінде бір адамға 16 шаршы метрден тиесілі болу керек деп есептелінсе, қазір 20-21 шаршы метр деп есептеп жүрміз. Ал Еуропа елдерінде адам басына 45-50 шаршы метр деп есептелінеді. Оған енді біз әр жылы 1 миллион шаршы метрден үй салған күннің өзінде де 19 миллион шаршы метр үйді 19 жыл салатын болып тұрмыз. Сондықтан болашақ ұрпақтың үй алуына жағдай жасау керек деген Президенттің бастамасы өте құптарлық іс. Сынағысы келгендер енді сынай жатар. Бірақ Қазақстан қазір қиын жағдайда тұр. Соған қарамастан осындай қадамға баруы – батылдық. Өйткені соңғы үш жылда экономикамыз өскен жоқ деп айтуға болады. Екі жыл пандемия болса, биыл қаңтар оқиғасы жағдайымызды қиындатты. Айлық өсіп жатыр, бірақ инфляция да ұлғайып келеді. Осындай кезде үнемдеуге деген әрекетті оң бағалау керек.
– Жыл сайын болып жатқан инфляцияның қарқыны дәл қазіргідей өсіп отырса, 18 жылдан кейін қандай күй кешуіміз мүмкін? Жаңағы сіз есептеген 4-5 миллион теңгенің нарықта қаншалықты құны болады?
– Бұл орайда инфляцияның өзі 10 пайыз деп есептеген күннің өзінде 15 жылда 150 пайызға барып қалуы мүмкін деген ой қылаң береді. Мұндай жағдайда Ұлттық қордың табысы да 150 пайызға өседі. Себебі ол ақша адамдардың қолына берілмейді. Ол қаражатты Ұлттық банк шетел валютасына салуы мүмкін. Оған рұқсат берілген. Шетелдің акциясын алуымыз мүмкін. Қазақстан үкіметінің облигациясын алсақ ол да 6-7 пайыз табыс береді. Яғни инфляция деңгейінде табыс береді. Зейнетақы қорында инфляция деңгейі олардың табысынан жоғары болса, мемлекет оған қаражат қосады делінген. Яғни зейнетақы қорындағы ақша бағасыз болмайды деген сөз. Бұл да сондай жүйемен жұмыс істейді. Сондықтан инфляция жиналған ақшаны жоқ қылып жібереді деген экономикалық пікірге дұрыс келмейді. Инвестициялық табыс та инфляциямен бірге өсіп тұрады. Жастарға деп бөлінетін бөлігін долларға айырбастап қойса, ешнәрсе өзгермейді. Доллар бойынша есептесек, тұрғын үйдің бағасы соңғы 10 жылда тұрақты тұр. Ал теңгелік құнының жағдайы бәрімізге мәлім, құбылып тұрады. Ұлттық қордағы тең жарты қаражат долларда сақтаулы тұр.
– Сіздің ойыңызша, кәмелет жасқа толған балаға шетелден баспана сатып алу құқығы берілуі мүмкін бе?
– Меніңше, жоқ. Мәселен, зейнетақы қорындағы қаражат маңдай терімен тапқан табысы болғандықтан өзге елге көшіп жатса, беріле береді. Ал бұл жерде шектеу қою керек деп есептеймін. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Өзге ұлт өкілдері арасында тарихи отанына кететіндер болса, оларға қаражат берілмеуі керек. Себебі ол өз экономикамызға кері әсер етеді. Ал қордағы қаржысын білім алу үшін жұмсар болса, шектеу қоюдың қажеті жоқ.
– Атауы Ұлттық қор болғандықтан қаражат еліміздегі басым ұлт – қазақтарға берілсе деген ұсынысты да көзіміз шалып қалды. Мұндай ұсынысқа қандай пікірдесіз? Бұл көпұлтты елімізде ұлтараздық мәселесін тудырып жіберуі мүмкін бе?
– Әрбір қазақстандықтың құқығы бірдей болуы керек, бөліп-жарудың еш реті жоқ. Бұл қазақстандықтардың еңбегінен түсіп жатқан байлық. Мәселен «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге оқуға жіберген кезде, бәріне мүмкіндік береміз. Бірақ өзге ұлт өкілдері қазақ тілінен емтихан тапсыруы міндетті. Бұл жерде қазақ тілінде оқитын оқушыларға жеңілдік беріліп тұр. Сол сияқты қаражатты пайдаланамын деген азамат ел экономикасының дамуына үлес қосуы керек. Ал өзге ұлт өкілдері тарихи отанына кетер болса, бұл қаржы берілмеуі қажет.
– Қаржылық жағдай жасағандықтан мемлекет қандай идеологиялық мақсаттарға жете алуы мүмкін?
– Қазақстанда балаларға арнайы шот ашылады дегенді естіген көрші Өзбекстанның азаматтары таңырқап, онда үлкен резонас туып жатыр. Қазақстан идеологиялық жағынан өзінің дәулетті бай елдердің қатарына қосылып жатқанын білдіріп отыр. Бұл бірінші.
Екіншіден, еліміздің экономикасы болғандықтан, жастардың үлесін қосқан жөн. Яғни жастар Ұлттық қорға түсетін қаражаттың артуына, ел экономикасын дамытуға саналы түрде үлес қосуға талпынады деп ойлаймын. Өйткені, ертең өздері сол қаражатты пайдаланады ғой.
Үшіншіден, жастарға арнап орталық құрып, Семей, Жезқазған, Абай сияқты жаңа облыстарда жаңа жобаларды жүзеге асырамыз десек дұрыс болар еді. Ұлттық қордың ақшасын жергілікті аймақтардың дамуына жұмсасақ, оң әсер етеді. Қаражаттың бір бөлігі өндіріс орындарын ашуға бағытталғаны жөн. Сол кезде әр өңірде жастардың патриоттық сезімі ояна түсер еді. Ал қазір Ұлттық қордан бюджетке аударылған ақша тек Қарағанды мен Балқаштың ортасындағы жолға кетіп жатқан болар деп топшылаймын. Ол жағы нақты белгісіз.
Төртіншіден, ашық айту керек, біздің мемлекет жемқорлық жағынан 120 елдің ішінде 40-орында тұр. Қор құрғаннан кейін оны басқаратын аппараттың құрамында мүмкіндігінше аз адам болуы керек. Жалақысын Қазақстандағы орта айлықтан асырмайтындай етіп шектеп қою керек. Медициналық қор сияқты 9-10 миллион теңгенің айлығын қоймау қажет. Қорды бақылауды мемлекеттік емес ұйымдарға беру керек. Дүние жүзінде дамыған елдер дәл осылай жасайды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне берсе, онда жемқорлық тоқтамайды.
– Біздегі бұл өзгеріс Өзбекстанда резонас тудырып жатқанын айтып қалдыңыз. Осыдан кейін өзге елдерден Қазақстанға қоныс аударушылар саны артуы мүмкін бе?
– Менің есебім бойынша бүгінге дейін Өзбекстаннан 700 мың қазақ көшіп келген. Әлі 900 мың қазақ бар деп ойлаймын. Олардың басым бөлігі бүгін-ақ көшуге дайын. Дегенмен елімізде бюрократиялық шектеулер бар. Көп жерде квотаны алып тастады. Ал іргеміздегі Қытайда 1,5 млн қазағымыз бар. Көшіп келгендерге есепшот ашамыз десек қызықтыруға болады.
Ресей жақта да 1 миллионға жуық қазақ тұрады. Олардың көшіп келетініне күмәнім бар. Себебі Ресейдің жағдайы бізден 30 пайызға жақсы. Оларды идеологиялық жағынан қызықтырып алып келмесек, материалдық жағынан шамамамыз келмейді.
Өзімізде туу көрсеткіші артып келеді, соңғы 2-3 жылдың ішінде Өзбекстанды қуып жеттік. Мәселен, былтыр 450 мың бала дүниеге келді. Бізге халықтың көп болғаны керек.
– Келелі ой, тұшымды жауабыңызға көп рақмет!