Түлектер үшін маңызды ақпарат: грант конкурсына өтініштер қашан қабылданады

Ғылым және жоғары білім министрлігі талапкерлерге арнап маңызды ақпарат жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
16 мамырда басталған негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу 7 шілдеге дейін жалғасады. Ал 20 маусым мен 25 тамыз аралығында жоғары оқу орындарына құжат қабылдау басталады.
«Педагогикалық ғылымдар» және «Денсаулық сақтау» мамандықтарына түсетіндер үшін арнайы емтихан 20 маусым мен 20 тамыз аралығында (конкурсқа қатысу үшін 20 шілдеге дейін) өткізіледі. Шығармашылық емтихандарға қатысу үшін өтініштер 20 маусым мен 10 тамыз (конкурсқа қатысу үшін 7 шілдеге дейін) аралығында қабылданады. Ал шығармашылық емтихандардың өзі 7 шілде мен 15 тамыз (конкурсқа қатысу үшін 20 шілдеге дейін) аралығында өтеді», — делінген хабарламада.
Талапкерлерден грант конкурсына өтініштер 13 шілде мен 20 шілде аралығында қабылданады. Ал грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.