«Абзал, қой!»: Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот үкімінен кейін шу шықты

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот үкімі шыққаннан кейін залда шу шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сот отырысынан кейінгі жағдайды жариялады. Видеодағы адамдар, оның ішінде сотталушылардың ата-аналары дүрбелеңге түскен.
Олар «Абзал, қой, Құдайдан қайтсын!», «Дидар, қой!»,- деп айғайлап жатыр.
Сондай-ақ, сотталушылар отырған әйнек қабырғаның ар жағынан қатты ұрылған жұдырықтың дауысы анық естіліп, қабырға жарылып кете жаздады.
Көпшілік сотталушылардың атын атап, оларды сабырға шақырып жатыр. Айыпталушы тарап «Қаржаубай сотталсын» деп ұрандады.
Айта кетейік, бүгін 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында 9 күдіктіге үкім шықты.
Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат топтық төбелестің құрбаны болды. Оқиға қаладағы «Қамажай» дүкенінің алдында басталған. Жасөспірім бала әкесі Қаржаубай Нұрымовпен бірге сауда жасап жүргенде сыра алуға келген Дархан Әскентаймен қақтығысып қалады. Әскентай бір топ жігітті шақырып, ақыр аяғында олардың арасында үлкен жанжал туып, төбелес болады. Сол жерде жүрген Абзал Шынасыл Шерзат Полаттың жүрек тұсына пышақ сұғып, қалғандары қансыраған баланы анасының көзінше тепкілейді. Оның видеосы желіге жедел тарап, қоғамдық резонанс тудырды. Алматы полиция департаменті іске қатысы бар 11 адамды ұстап, екі айға тергеу изоляторына қамады. Осы іс бойынша 40 сот сараптамасы жасалып, шамамен 200 куәгерден жауап алынды. Елді дүр сілкіндірген қылмыстан кейін Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы орындарын босатты.
Құқық қорғау органдары тарапынан қара жамылған отбасының қауіпсіздігі қамтамасыз етілгені айтылғанымен, көп ұзамай Қаржаубай Нұрымовтың үйі өртеніп кетті. 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың ағасы, төбелестің ішінде болған куәгер Нұрқанат Ғайыпбаев жұмбақ жағдайда қаза тапты. Ресми тергеу мәліметтері бойынша, ол өзіне қол жұмсаған. Марқұмды жерлеу рәсімінен кейін Қаржаубай Нұрымов қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен 15 күнге қамалып шықты.
Шерзат Полаттың өліміне байланысты тергеу амалдары 22 қаңтарда аяқталып, 10 сәуірде Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының ғимаратында сот отырысы басталды. Онда мемлекеттік сарапшысы Мұхит Оразбекұлы баланың денесіне 12 см пышақ кіріп, өлімнің содан болғанын айтты. Тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаров дер кезінде көмек көрсетілсе, Шерзат Полатты аман алып қалуға болатынын мәлім етті. Онлайн көрсетілген сот отырыстары барысында тек Абзал Шынасылдың ғана бет-бейнесі көрсетілді. Жәбірленуші тараптың адвокаты Бағдагүл Әжіғалиева Шерзатқа шабуыл жасаған барлық қатысушыға топ болып адам өлтіру бабы бойынша айып тағуды талап етті. Бірақ прокурор Дана Сәрсенбай адвокаттың талабына қарсы шықты.
Күдіктілердің ешқайсысы 16 жастағы жасөспірімнің өлімін мойнына алмады. Олардың барлығының дерлік адвокаттары мен ата-аналары төбелеске Қаржаубай Нұрымовтың өзін кінәлап, кейбірі оның отбасының үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етті.