Главное

Картоп бағасына аралассақ, дефицит болады – премьер-министрдің орынбасары

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин картоп неге қымбаттап кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, картоп бағасы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасып отыр.

«Биыл картоппен осындай жағдай болды. Өйткені Беларусьте де, Ресейде де, Өзбекстанда да картоп дұрыс шықпаған. Ал Қазақстанда біз былтыр жинаған әжептәуір қор бар. Бірақ фермерлер ақша тапқысы келді, сол себепті біз белгілі бір уақыт картоп экспортына кедергі келтірген жоқпыз. Бізде қазір картоп жеткілікті, бірақ баға өсіп отыр», — дейді Жұманғарин Мәжіліс кулуарында.

Министрдің айтуынша, картоп бағасын түсіру үшін екі жол бар: біріншісі, картоп бағасын шектеу немесе картоп экспортына шектеу қою. Егер бірінші жолды таңдасақ, биыл ешкім картоп екпейді, сөйтіп келесі жылы Қазақстанда картоп тапшылығы пайда болады. Сол себепті Үкімет картопты сыртқа шығаруға шектеу қойған.

«Біз сыртқа шығарылатын картопты шектедік, бірақ бағасын шектеген жоқпыз. Өйткені бұл нарықтың тетігі емес. Қазір картоп бағасы 400 теңгеден басталып 600 теңгеге дейін барады. Қазір Түркістанда жаңа өнім өсіп шықты, оның бағасы 200-300 теңгеден басталады. Менің ойымша, баға тұрақталады. Білуімше, бүгін Астанаға импорттық картоп тиелген 50 контейнер келді», — дейді ол.

Жұманғарин нарықтық экономиканы қолдайтынын атап өтті.

«Мен ешкімнің тарапында емеспін. Мен нарықтық экономиканы қолдаймын. Дәл осы жағдайда сұраныс пен ұсыныс заңы жұмыс істеп тұр. Егер қазір біз бағаға аралассақ, тапшылық пайда болады», — дейді вице-премьер.

Другие новости

Back to top button