Маңғыстау дәрігерлері жүкті әйелдің жүрегіне операция жасап, баланы аман алып қалды

Маңғыстау дәрігерлеріне алғаш рет жүкті әйелдің жүрегіне күрделі операция жасап, ананы да, әлі тумаған баланы да аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1997 жылғы келіншектің жүрегі ауырған, өкпе гипертензиясы бар болған. Дәрігерлер шұғыл операция жасамаса ана да, бала да ажал құшады деген болжам айтқан.
«Науқастың митралды қақпақшасын ауыстырдық. Мақсатымыз ананы да, баланы да аман алып қалу болды. Сондықтан операцияны тез жасауға тырыстық. Себебі мұндай операция кезінде ананың жүрек соғысын уақытша тоқтатамыз, қанын сұйылтамыз. Бұл да құрсақтағы балаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Операция кезінде акушер-гинекологтар жатырдағы балаға УДЗ жасап, жағдайын тұрақты бақылап отырды. Соның нәтижесінде қауіп болмай, операция сәтті өтті», — деді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы жүрек қан-тамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ербол Кудабаев.
Науқас операциядан кейін жансақтау бөлімінде емделіп, қазір жалпы палатаға ауысқан. Өзі жүріп-тұра алады, тәбеті жақсы. Құрсақтағы баласына да қауіп төніп тұрған жоқ.
Операцияны кімдер жасады
Операцияны МОКА директорының орынбасары, кардиохирург Агзам Алдашев, Ербол Кудабаев жасады. Акушер-гинеколог Юлия Досаханова, анестезиолог-реаниматологтар Бақытжан Балгалыев, Мәулен Жұмаділлаев қатысты.