Билік те, бизнес те бар: Алматы әкімінің отбасы қандай кәсіп түрлеріне иелік етеді

Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдының өмірбаянына қатысты деректер бүгінде қазақстандықтар іздеген сұраныстардың шорт-листін бастап тұр. Өкінішке қарай, Қазақстанның ең ірі қаласының жаңадан тағайындалған басшысы – әзірге жұмбақ тұлға. Байқап отырғанымыздай, ол өзін жарнамалауға құштар емес. Бұған дейін атқарған жоғары лауазымдарына қарамастан, оның жеке өмірі, өмірлік ұстанымдары мен құндылықтары туралы жұртшылықта ақпарат өте аз.
Ол атышулы дауларға ілікпеген, қоғам белсенділерінің тарапынан (оның алдындағы әкім Досаевқа қарағанда) қатаң сынға ұшырамаған, туындауы мүмкін қақтығыстардың алдын ерте сатыда алып отырған. Сондай-ақ бұрынғы президенттің жиені Қайрат Сатыбалдымен фамилиясы ұқсас болғанымен, ешқандай туыстық байланысы жоқ.
Алайда, қазақстандықтардың көкейінде сұрақ тудыратын жалғыз мәселе – Алматының жаңа әкімінің туыстарының бизнесі. Оңтүстік астананың жаңа басшысы бұл қызметті туыстарына – кәсіпкерлікпен айналысатын жандарға – арналған «мүмкіндіктерге» айналдырып жібермей ме? Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді.
ТУЫСҚАНДАРДЫҢ БИЗНЕСІ – ЖҰМЫСҚА КЕДЕРГІ ЕМЕС
2022 жылы Дархан Сатыбалды Шымкент әкімі қызметінен Түркістан облысының әкімі лауазымына ауысқанда, дәл қазіргідей қоғам белсенділері, блогерлер мен БАҚ оның өмірбаянын мұқият зерттеген еді. Сол кезде шенеуніктің туыстарының ондаған бизнес нысандарына иелік ететіні анықталды. Олардың кейбірі салық төлеуден жалтарғаны да айтылған.
– Түркістан облысының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдының көптеген туысы кәсіппен айналысады. Оның бауырларының көбі құрылыс саласында еңбек етіп жүр, – деп жазды сол кезде журналист Дмитрий Шишкин өзінің Shishkin like Telegram-арнасында.
Кейін Дархан Амангельдіұлының кәсіппен айналысатын бауырлары аз емес екені белгілі болды. Лауазымға тағайындалғаннан кейін бір жыл өткенде журналистер Түркістан облысы әкімінен оның кәсіппен айналысатын туыстарына қатысты сұрақ қойған. Сонда әкім отбасының бизнесі бар екенін жоққа шығармаған.
– Біз – үлкен отбасының мүшелеріміз, – деп түсіндірді Сатыбалды. – Отбасымызда жеті бала: бір қыз, алты ұл бар. Мен – алтыншы баламын. Егер олардың кәсіпкерлік жолына көз жүгіртсек, олар бұл істі 90-жылдардың басында бастаған. Ол қалай болды? 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында біз үлкен отбасы едік, бәріміз есейгенбіз, бірақ жұмыссыз қалдық. Жұмыс істеу керек болды. Олар саудамен айналысып, жұмыс істей бастады. Мен де сол кезде студент болатынмын, саудамен шұғылдандым.
Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімі ағаларының бизнесі мен өзінің мемлекеттік қызметі мүлде байланыспайтынын атап өтті.
– Бұл – олардың кәсібі. Өз еңбегімен табыс табады және маған ешқашан кедергі келтірмейді, – деп сендірді Сатыбалды.
– Бауырларым тек Астанада бизнес жүргізеді. Мен қызмет еткен өңірлерде олар тендерлерге қатыспайды.
КӘСІПКЕРЛІК – ҚАНДА БАР ҚАСИЕТ
Дархан Сатыбалдының үлкен ағасы Мұхтар Амангелдіұлы Сатыбалдиев – Statsnet сервисінің дерегінше, бірнеше компанияның құрылтайшысы: «Ultra Build», «Prestige AST», «Nomad Stroy Company», «Home Builders», «NEW HOME BUILD», «Fitness Palace», «ҚҰРЫЛЫСШЫ LTD» серіктестіктері және жеке кәсіпкер «Sat Tower»-дың басшысы.
Бұл компаниялардың басым бөлігі тұрғын үй құрылысына маманданған. Тек «Fitness Palace» делдалдық қызмет көрсетіп, тұрғын үйлер мен басқа да коммерциялық емес жылжымайтын мүліктерді сатып алу, сату және жалға беру жұмыстарымен айналысады. Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелген «Sat Tower» компаниясы өзіне тиесілі мүлікті жалға беру және басқару саласында жұмыс істейді.
Аталған кәсіпорындардың көбі 2021 жылы тіркелген. Ал олардың кірісі мен салықтық төлемдеріне жасалған талдау көрсеткендей, компаниялардың “дүркіреген” кезеңі 2022–2024 жылдарға сәйкес келеді.
Дархан Сатыбалдының тағы бір ағасы – Сұңқар Амангелдіұлы Сатыбалдиев. Statsnet дерегі бойынша, ол «Smart Construction KZ», «Sat Build», «Sat Group Project» және «Каз билдинг» компанияларының құрылтайшысы. Бұл серіктестіктер де құрылыс пен жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істейді.
Аталған төрт компания құрылған уақыттан бері мемлекетке 18,8 млрд теңге көлемінде салық төлеген. Оның ішінде 9,5 млрд теңгесі – «Sat Group Project»-ке тиесілі. Ал «Каз билдинг» компаниясында Statsnet мәліметіне сүйенсек, кіріс те, салық төлемі де болмаған.
Ал Дархан Сатыбалдының кенже інісі – Ғабит Амангелдіұлы Сатыбалдиев – тіркелген кәсіпорын саны бойынша ең «ауқатты» құрылтайшы саналады. Оның атына 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 1 жеке кәсіпкерлік тіркелген. Атап айтқанда, ол «CBC Group», «Sat Group Construction», «Астана Констракшн LTD», «Fitness Palace», «Кенада», «Sat-NS», «Sat Group Project», «Astana Stroy LTD», «WANSHENGCERAMIC» ЖШС-тері мен «Palace» ЖК-не иелік етеді немесе үлесі бар.
Бұл компаниялардың басым көпшілігі де құрылыс саласында жұмыс істейді. Сонымен қатар, Ғабит Сатыбалдиев құрылыс материалдарын сатумен және жылжымайтын мүлік операцияларымен де айналысады.
Айта кетейік, бұған дейін медиада Ғабит пен Сұңқар Сатыбалдиевтер елордадағы Кіші Талдыкөл маңындағы құрылыс жобаларымен байланысы бар деген ақпарат тараған. Алайда журналистер осыған қатысты сұрақ қойғанымен, Дархан Сатыбалды бұл мәселеге жауап бермеген.
ӘЙЕЛІ – КӘСІПКЕР, ӨЗІ – ШЕНЕУНІК
Айта кетейік, Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдының жұбайы Жанар Мекенбаева Бизнес-Аналитик сайтының мәліметінше, елордада тіркелген «Мади — Ко 2008» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі басшысы. Компания өз мүлкін жалға беру және басқару саласында жұмыс істейді. 2014 жылдан бері бұл ұйым мемлекетке 10,2 миллион теңге салық төлеген.
Сатыбалдының жұбайының туыстары да бизнесте табысты. Мәселен, Жанар Мекенбаеваның інісі Қанат Мекенбаев – автобус тасымалын ұйымдастырумен және денсаулық сақтау саласындағы қызметпен айналысатын «Бекзат Сервис» ЖШС-нің иесі. Сонымен қатар, ол «М-Адал» ЖШС-не иелік етеді. Бұл компания өзге топтарға жатпайтын түрлі жеке қызмет түрлерін көрсетумен айналысады. Бұдан бөлек, ол тұрғын үй құрылысына маманданған «BBB INVEST» компаниясының да иесі. Алғашқы екі компания мемлекетке жиынтық түрде шамамен 20 млн теңге салық төлеген болса, 2022 жылдың қаңтарында тіркелген үшінші компанияның салықтық аударымдары мүлдем жоқ.
Еске салайық, Дархан Сатыбалды 1974 жылы 26 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында дүниеге келген. Сәкен Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылығы институтын және Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған. Қаржы министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Президент әкімшілігі, Премьер-министр кеңсесі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті секілді түрлі мемлекеттік органдарда еңбек еткен. 2013 жылы Шымкент қаласының әкімі, кейінірек Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. 2018 жылы Сенат депутаты болып сайланып, 2019 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметіне тағайындалды. 2022 жылғы 30 тамызда Түркістан облысының әкімі болып сайланды.
Ендігі үміт – мемлекеттік қызметте жетістікке жеткен шенеуніктің отбасының бизнес мүдделері мен өзінің мансабы арасындағы бейтараптықты сақтап қала алуында.
Дереккөз: ulysmedia.kz