Главное

«Әділдік болмаса, не істейтінімді білмеймін»: Ақнәрдің анасы тергеудің тоқтап қалғанына наразы

Бүгін биіктен құлап қаза тапқан Ақнәр Хамиттің анасы Гүлістан Хамит Астанадағы Бас прокуратураға тағы да келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін Гүлістан Хамит марқұм қызының өлімі бойынша қылмыстық істі тергеу тоқтап тұрғанын айтқан. Алматы полицейлерінен әбден күдерін үзген ана Бас прокуратура ғимаратының табалдырығын тоздырып жүр.

Марқұм Ақнәр Хамиттің анасы тергеудің тоқтап қалғанын мәлімдеді

«Бас прокуратурада Келімжанов мырзаның қабылдауында болдық. Ол бұл іс бойынша барлық жағдайды қарастыратынын және тергеу органдарын тереңдетіп тексеретінін айтты. Талап-арызымызда осы істі Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша тергеп, кейін қыздардың бас бостандығын шектеу шарасын өзгертіп, оларға санкция салуды, әрі қарай тергеу амалдарын жүргізуді сұрадық», — деді ол.

Құқық қорғау органдарының уәделері нәтиже бермеген: Гүлістан Хамиттың арызы

«Қазақстан Республикасының бас қаласы – Астанада, әділеттің үні шығатын осы қаладағы президент әкімшілігінің қасындағы Бас прокуратура енді осы істі қадағалап, ақ-қарасын айырып, менің жан айқайыма жауап бермесе, онда мен не айтарымды білмеймін, бірақ әлі де үміттенемін. Әділдік сөзсіз болады деп сенемін. Үмітсіз шайтан демей ме!», — деді Гүлістан Хамит.


Еске салайық, 22 жастағы Ақнәр Хамит былтыр шілде айында Алматыдағы Amir тұрғын үй кешенінің 7 қабатындағы пәтердің терезесінен құлап, көз жұмған. Марқұмның анасы Гүлістан Хамит қызын өлер алдында таныстары пәтерде әбден азаптағанын айтады. Ол Ақнәр терезеден өзі секіріп кетуі мүмкін деген болжаммен үзілді-кесілді келіспейді. Марқұмның анасы істің әділ тексеріліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етеді.

Другие новости

Back to top button