Главное

Мыңға жуық мектеп түлегі биыл аттестатпен қатар диплом да алады – министр

Биыл жоғары сыныптардың 905 оқушысы мектеп аттестатымен бірге жұмысшы біліктілігі бойынша диплом алады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Биыл мектептерде алғаш рет «кәсіби бағдарлаушы» лауазымы ресми бекітілді. 905 жоғары сынып оқушысы жалпы білім туралы аттестатпен қатар, жұмысшы біліктілігі бойынша диплом алады. 2,5 млн мектеп оқушысы кәсіби бағдарлаушы шараларымен қамтылды», — деді ол Үкімет отырысында.

Колледж студенттеріне қандай жағдай жасалып жатыр

Бейсембаевтың айтуынша, биыл колледждерде 550 мыңнан астам студент білім алған, 173 мың студент оқуын аяқтап жатыр. Соның ішінде 123 мыңы жұмысшы біліктілігі бойынша, ал 27 мыңы дуальді оқыту аясында оқыған. 10 мың студент кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша бітірді.

«Жыл сайын колледж түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші өсіп жатыр: 2024 жылы түлектердің 81%-ы жұмыспен қамтылды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге және колледждердің бизнеспен өзара іс-қимылына аса назар аударылған. Оқу жылының қорытындысы бойынша шефтік көмек көрсететін кәсіпорындардың саны 7 есе артты. Бүгінде 4 мыңнан астам кәсіпорын 662 колледжге шефтік көмек көрсете бастады», — деді министр.

Сонымен қатар, 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңарған.

Министрліктің ақпаратынша, жергілікті бюджет есебінен 3 млрд теңгеге 91 колледж, жер қойнауын пайдаланушылар есебінен 297 млн теңгеге 3 колледж, шефтік көмек аясында 244 млн теңгеге 10 колледж жабдықталды. Студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту үшін 2 мың орынға арналған 8 жатақхана пайдалануға берілген. Бизнес өкілдері 8 мыңнан астам білім бағдарламасын әзірлеуге атсалысқан.

Другие новости

Back to top button