Главное

Көлсайдағы ұлттық парктің қызметкерлері сирек кездесетін видеоны жариялады

«Көлсай көлдері» ұлттық паркінде екі қасқыр бейнетұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видеоны парк қызметкерлері әлеуметтік желіде жариялады.

Орманды кезген қос бөлтірік

Кадрдан жыртқыштардың орманды аралап жүргенін көруге болады. Бір кезде қасқырлардың бірі камераға тіке қарайды.

«Парк аумағындағы жабайы жануарларға орнатылған арнайы бейнетұзақ орман ішін еркін кезіп жүрген екі бөлтірікті түсіріп алды», — деп жазды ұлттық парктің қызметкерлері.

Қоңыр аюды мазалауға болмайды

Бұған дейін «Көлсай көлдері» аумағында инспекторлар Тянь-Шань қоңыр аюын екі қонжығымен бейнежазбаға түсірген болатын. Тянь-Шань қоңыр аюлары парктің орманды тау баурайларында мекендейді.

«Парк әкімшілігі келушілердің назарын аударады: егер қоңыр аюын байқап қалсаңыз, қауіпсіз қашықтықты сақтап, жануарларды мазаламау маңызды. Еске саламыз, Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген барлық жануар мемлекет тарапынан қорғалады», — делінген ұлттық парк әкімшілігінің хабарламасында.

Сондай-ақ паркте қар барысы мен Түркістан сілеусіні де бейнетұзаққа ілікті. Бейнежазбадан түнгі уақытта парк аумағында сенімді қимылдап жүрген қар барысын көруге болады. Ал Түркістан сілеусіні өз жемтігін байқаған бойда секіруге дайындалып, бірақ соңғы сәтте райынан қайтады.

Другие новости

Back to top button