Сіздер қарсы екен деп жасанды интеллект дамуын тоқтатпайды – Қошанов «Ауыл» партиясын түйреп өтті

Мәжіліс депутаты Ерлан Қошанов жасанды интеллекттің қаупі жайлы сөз қозғаған «Ауыл» партиясының мүшесі Анас Баққожаевты сабырға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгінгі отырыста жасанды интеллект туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Құжатты мәжіліс депутаттары әзірлеген.
Отырыс барысында депутат Анас Баққожаев ЖИ қаупі жайлы ойын бөлісті.
Анас Баққожаевтың айтуынша, қазір ғылыми еңбектерге дейін жасанды интеллект жасайтын болған.
Дайын материалды чатджипитиге салып, қорытындысын ала салады. Қазір жастардың сөз қоры азайды, лексиконы жоқ. Баяғыда біз не үшін шығарма жазып, мазмұндама жасадық. Сондықтан, ауырдың үстінен, жеңілдің астымен жүретіндер қазір жасанды интеллектің ішінде жүретін болды. Рухани жағын ойлап, халқымызды, білімді, ғылымды қалай қорғаймы? Заң жобасында мен ондай нормаларды көрген жоқпын. Неге соны ойламаймыз? Ауыл партиясы көне адамдар деп ойлап қалмаңыз. Адамдардың мәселесі мені алаңдатады, – дейді ол.
Бұл сөзден кейін мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Анас Баққожаевқа қарата “Ауыл партиясы, Анас Ахатұлы қарсы болды екен деп, жасанды интеллект тоқтап қалмайды, ол әлемде қарыштап дамып келе жатыр. Біз оны қалай реттейміз? Осы мәселеге орай жиналып отырмыз” деп күлді Қожанов.
Заң жобасын қорғаған Екатерина Смышляева қауіп бар болса да, оның пайдалы жағын алуымыз керек дегенді айтты.