Істі осыншама ойсыз тергеуге бола ма – адвокат Шерзат ісін тергегендерді қатаң сынады

Адвокат Джохар Өтебеков Шерзат Полат ісінде айыптау актісі мүлде дұрыс жасалмағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ
Өтебеков бұл жөнінде ойын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, Шерзаттың өліміне пышақ тықты деп айыпталған Абзал Шынасылды ғана айыптау дұрыс емес. Сотта Шынасыл Шерзатқа пышақ тықты деп айыппен келіспейтінін мәлімдеген еді.
Естерің ауысып қалған ба? Шерзат 20 минут бойы пышақ жарақатын ала тұра төбелескен бе? Ол дүкенге дейін жүгіріп барып, құлап түскен. Ол жерде жауыздар оны сабаған. Әйгілі видеосы да бар. Бәрі бірер минут ішінде болған оқиға. Нұрқанатты сағат 01.04 кезінде пышақтаса, Шерзатқа шамамен 01.02 уақытында пышақ салынған. Ал бандиттер 00.42-де дүкенге келген! – дейді ол.
Адвокат тергеу неге дұрыс жүргізілмеді деген сұрақты ортаға тастады. Видеолар дұрыс зерттелмегеніне назар аударады.
Істі осыншама лас түрде тергеуге бола ма? Оларға кім жол берген? Полиция мен прокурорлар санай алмай ма, әлде қылмыскерлерге алиби жасап беріп отыр ма? Ұят! Айыптау актісін өзім-ақ жасап берейін, – дейді ол.
ШЕРЗАТ СОТЫ
Сот процесі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Судья Ержан Жанұзақов 9 айыпталушыға қандай баптар бойынша айып тағылғанын бұған дейін оқыған болатын. Соның негізінде кім қанша жылға сотталуы мүмкін екенін болжауға болады. Бірақ процестегі әр сотталушының кінәсі әуелі дәлелденуі керек.
Істе ең ауыр айып Абзал Шынасылға тағылған. Оған қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) 2 бөлігінің бірнеше тармағы бойынша (бұзақылық ниетпен, аса қатыгездiкпен жасалған, көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру) айып тағылған. Бұл бап кінәсі дәлелденген адамды 15-тен 20 жылға дейін соттауды қарастырады. Оған қоса Шынасылға 24-баптың 3 бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 293-баптың 3-бөлігі (қару қолдану арқылы бұзақылық) бойынша тағылған тағы екі бап бар. Бұзақылық бабы 5-7 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.