Главное

«Үйі толған тарақан»: Шымкент әкімдігі қиын жағдайда қалған әжеге көмек берді (ВИДЕО)

Шымкентте адам төзгісіз жағдайда өмір сүрген тыл еңбеккерін еріктілер тауып алып, видеосын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кадрларда тарақандар қаптап кеткен, кір-қожалақ үйде жалғыз бүрісіп отырған әжей көрінеді. Құр сүлдері қалған қарияның үстінде тек күртешесі бар, оның беті-қолына жара толған, тырнақтары шіруге келген. Әжейдің өзіне сұрақ қойған волонтерлерге жауап қатуға қауқары болмады.

Еріктілердің хабарлауынша, қарияның аты Мария Пономарёва, оны қарттар үйіне бермей, сіңлісі қарап отырған. Шымкент әкімдігі жағдайға байланысты коментарий беріп, қандай шара қолданылғанын хабарлады.

«Шымкент қаласының тұрғыны, 1933 жылы туған М.П қараусыз қалғаны туралы хабар келді. Хабарламада А. Асқаров көшесі бойындағы пәтерде қарт әжей қараусыз қалғаны туралы айтылған. Хабар түскен соң, Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» қызметкерлерінен құралған мобильді топ көрсетілген мекенжайға барып, жағдайды тексерді. Пәтердің есігі жабық болғанымен, ішінен әйел адамның жатқаны байқалған. Көршілерінен сұрау барысында Р есімді азаматша егде жастағы әйелдің М есімді әжей екенін растады. Оның айтуынша, күнделікті күтім көрсетіп жүрген сіңлісі соңғы үш күнде мүлде көрінбеген. Жағдайға байланысты учаскелік полиция, Тұран ауданының әлеуметтік қызметкерлері және учаскелік дәрігер шақырылды. Әжейдің сіңлісімен байланыс орнату мүмкін болмағандықтан, көршілердің жазбаша арызы негізінде пәтер есігі төтенше жағдайлар қызметі арқылы ашылды», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ әжей шұғыл түрде «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу» орталығына түскен. Ондағы қызметкерлер қарияны шомылдырып, тамақтандырып, медициналық бақылауға алған.

Другие новости

Back to top button