Есірткі жасап, 16 жылға сотталған қазақстандық әнші алғаш рет сұхбат берді

Есірткі жасап, оны сақтағаны үшін сотталған «Madmen» q-pop бағыттағы тобының экс-мүшесі Алимурад Ибраимов алғаш рет сұхбат берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Топ мүшесі 2022 жылы сәуірде сотталған болатын. Алимурад Ибраимов есірткі өндіріп, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыпталған.
— Мен бір кездері есірткі қолданғанымды мойындаймын. Менің қателігім сол. Бұл істе жеті адам болды. Олардың жартысы есірткіні дайындап, жасырумен айналысты. Көбі тек есірткіні өздері қолданатын. Қылмыстық іс бойынша өткен адамдардың жартысын тіпті танымаймын. Мен әншілік топтағы сотталған жалғыз адаммын. Қылмыстық топтың басшысы болды. Ол менің продюсерім болған. Бастапқыда продюсермен тек есірткі пайдаланып жүрдік. Қылмыстық топ туралы білмедік. Біздің сыртымыздан істеліп жүрген нәрселер болды. Мен продюсеріммен жиі сөйлесіп, достық байланыста болғанмын. Сондықтан мені осы істе сол адаммен байланыстырып қойды, дейді Алимурад 1806 media-ға берген сұхбатында.
“ҮКІММЕН КЕЛІСПЕЙМІН”
Ол есірткі пайдаланғанымен, қылмыстық топ есірткі жасаумен айналысқанын білмегенін айтады. Алимурад сот үкімімен келіспейтінін жеткізді.
— Мен 16 жылға сотталатындай ештеңе істемедім деп ойлаймын. Адам өлтіргені үшін сегіз жылға соттайды. Түрмеде отырғанымен төрт жылдан аса уақыт өтті, осы жеткілікті деп ойлаймын. Қазір отырып, жан-жағыма қараймын. Сондағы байқағаным: есірткі қылмысы бойынша отырғандардың көбі жастар. Мысалы мың адам болса, олардың жартысы жастар. Бірақ қолыңмен жасағаныңды мойныңмен көтересің (…) Бостандыққа шыққаннан кейін шоу бизнеспен айналыспаймын. Би беліп, асыр салудан шаршадым. Бостандыққа шыққаннан кейін 30-дан асамын, көп уақытымды жоғалтамын. Уақыт жоғалтқым келмейді. Жас кезімде шашымды бояп, би билеп жүрдім. Ал енді 30 жастағы ер адамның солай жүргенін елестетіп көріңізші, дейді әнші.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ТУРАЛЫ
Айта кетейік, 2022 жылы 27 сәуірде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты Q-pop жанрындағы танымал Mad Men тобының жеті мүшесіне үкім шығарды. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, психотропты заттарды (мефедрон) және гашишті заңсыз өндіру, сақтау және сату бойынша айыпталды.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2020 жылдың қыркүйегінде Х. есімді азамат алты адамнан тұратын қылмыстық топ құрған. Олар Алматыдағы коттедждің жертөлесінде мефедрон өндіріп, оны арнайы сайттар мен чаттар арқылы сатқан. Сондай-ақ, топ мүшелері есірткіні қаладағы қоғамдық орындарға «закладка» әдісімен таратқан.
2021 жылдың сәуірінде полиция топтың әрекетін әшкерелеп, үлкен көлемде есірткі және оны өндіруге арналған құрал-жабдықтарды тәркіледі.