Социум

Қазақстанда маникюр мен педикюр бағасы күрт өсіп, рекордтық көрсеткіш тіркелді

2025 жылдың басынан бері Қазақстанда маникюр мен педикюр қызметтері бұрын-соңды болмаған қымбаттауды көрсетіп отыр. Бағаның ең тез өсуі Алматыда байқалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DataHub арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сәуір айында маникюрдің бағасы наурызбен салыстырғанда 4,4%-ға қымбаттаған. Бұл, кем дегенде, 2011 жылдан бергі ең жоғары айлық өсім болып отыр. Ал педикюр одан да қарқынды қымбаттады: еліміз бойынша бір айда бірден +8,2%. Бұл қызмет бойынша деректер 2021 жылдан бері жинала бастады. Сондықтан қазіргі өсім – бүкіл бақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Екі қызмет түрі бойынша да Алматыда ерекше секіріс тіркелді. Маникюр бағасы наурызға қарағанда 21,1%-ға, ал педикюр, тіпті, 42,9%-ға өсіп кетті. Осы сәуірдегі өсім қаланың жылдық динамикасын айқындап берді: маникюр +23,1%, педикюр +48%.

Фото: DataHub

Айта кетейік, Қазақстан бойынша жалпы жылдық өсім де жоғары. Мысалы, маникюр 19%-ға, педикюр 19,8%-ға қымбаттаған.

Қызығы, дәл осы уақытта маникюр мен педикюрге арналған құрал-саймандар импорты азайып барады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша импорт көлемі тоннамен де, доллармен де шамамен екі есеге қысқарған. Ал 2025 жылдың алғашқы екі айында физикалық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 29%-ға, ақшалай есепте 61%-ға төмендеген.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар Алматыда жаңадан қазылған картоп бағасының қымбаттауына байланысты әлеуметтік желіде наразылықтарын білдірген еді. Жақында әлеуметтік желіде бойжеткен қазақстандық супермаркеттердің бірінде жаңадан қазылған картоп бағасының қымбаттағанын айтып, видео жариялады. Оның айтуынша, жаңадан қазылған картоптың бір келісінің бағасы 1 300 теңгеге жуықтайды. Ол картоптың құнын помело мен грейпфрут сияқты жемістермен салыстырды.

Другие новости

Back to top button