Алматы

«Ер адамға иіліп амандасу керек»: Алматыдағы Абай университетінің қыздарға өткізген жиыны көптің ашуын туғызды

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студент қыздарға ер адамның алдында өзін ұстау, киіну және сөйлеу туралы жиын өткізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студент қыздарды жинап, өздерін қалай ұстау керегі туралы насихат жасаған. Мұны студент қыз Qumash Telegram-арнасына мәлімдеген.

“Университет әкімшілігі бірінші курстың барлық қызын яғни 40-50 адамды жинап, қыз баласы инабатты, ибалы болу керек деген плакаттарды ілген. Содан кейін әртүрлі жастағы ер адамдар қыздардың мінез-құлқы туралы айтқан видеороликтерін қосқан”, – делінген арнада.

Студенттің айтуынша, видеоның негізгі тезисі қыздар ашық-шашық киінбеу керегін, қатты дауыс шығарып сөйлемеуі тиіс екенін, ер адамдарды көргенде, иіліп сәлемдесу керегін түсіндіреді. Сондай-ақ ұзын белдемше кию әдептілік белгісі деп айтқан.

Сонымен қатар аға оқытушы еуропалық әйелдерге еліктеуге болмайтынын айтқан. Олардың шамадан тыс еркіндігінен ЛГБТ және басқа да нәрселер кең таралғанын айтты. Оларды жиыннан шығармай қойыпты.

Бұл жиын желі қолданушыларының наразылығын тудырды.

“Жігіттердің қандай болу керегі туралы да жиын өткізіңіздерші”, “Әйелдерді жайына қалдырыңыздар. Бізді тәрбиелеп, ақыл айтуды доғарыңыздар. Қыздар өз өміріне өзі жауапкершілік ала алады. Ерлерге өзін-өзі ұстауды үйретіңіздер”, “Ерлерге қол көтермеу, ұрмау, зорламау және балаларын тастамау туралы ақыл айтқан дұрысырақ” деп жазды желідегілер.

Stan.kz тілшісі жағдайға қатысты университеттен пікір сұрады. Баспасөз хатшысы бұл жиын ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында өткенін айтады. Сөздерінше, мұндай жиындар оларда тұрақты түрде өтеді.

“5 мамырда университет қабырғасында студенттерге арналған жалпы тәрбиелік бағыттағы кездесулердің бірі өтті. Осы уақытқа дейін оларға қатысты қандай да бір сын болған емес.

Аталмыш іс-шараның да негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың мәдени-әдептілік сана-сезімін арттыру және этикалық нормаларды түсіндіру.

Кездесу барысында көрсетілген видео кейбір қатысушыларға басқаша әсер етіп, олардың арасында біржақты пікір туғызған. Университет әкімшілігі бұл жағдайға түсіністікпен қарап, алдағы уақытта мұндай мазмұндағы материалдарды таңдауда барынша мұқият болады. Абай университеті – зайырлы білім беру мекемесі. Біз студенттердің жеке таңдауына, еркіндігіне және пікір алуандығына құрметпен қараймыз”, – делінген хабарламада.

Университет ұжымы студенттермен ашық диалогқа әрдайым дайын екенін және олардың пікірін ескеруге мүдделі екенін атап өтті.

Другие новости

Back to top button