Главное

«Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты»: Тоқаев салтанатты жиында Отан қорғаушы күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында сардарлар мен сарбаздарды алдағы Отан қорғаушы күнімен құттықтады. Сонымен қатар патриотизм мен жауынгерлік рухтың символына айналған мереке күндері елге қорған болып жүрген азаматтарға құрмет көрсету, Отан үшін от кешкен аға буынның рухына тағзым ету, олардың жанқиярлығы мен өшпес ерлігін ұрпақтың жадында жаңғырту дәстүрге айналғанын атап өтті.

«Қазақ – болмысынан жаужүрек халық. Батыр бабаларымыз кең-байтақ жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғады. «Ер – елдің айнасы» дейді. Шын мәнінде, халқымыздың ерлік дәстүрі атадан балаға жалғасып келеді. Қазақ сарбазы қай кезде де елін қорғай білген. Жерінің шетіне жау тисе, жұдырықтай жұмылып бір тудың астынан табылған. Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы осындай сұрапыл соғыс барша елдер үшін үлкен сынақ болғаны сөзсіз. Майданға бір миллион екі жүз мыңнан астам азаматымыз аттанды. Олардың жартысы ұрыс даласынан оралған жоқ. Тыл еңбеккерлері күн-түн демей тер төкті. Осылайша, халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Жеңіс мерекесі ерен ерлікті паш етеді. Сондай-ақ бейбіт өмірдің, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғындырады. Жеңіс күні арқылы ұрпаққа берілетін ең басты тағылым – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның күштік құрылымдарын баһадүр бабалардың лайықты ізбасары деп атады.

«Қарулы Күштер еліміздің тәуелсіздігін, тыныштығы мен тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Құқық қорғау органдары заң мен тәртіпті, арнаулы қызметтер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді. Құтқарушылар ел-жұрттың амандығы үшін аянбай еңбек етіп жүр. Былтыр біз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын алғаш рет дербес орындауға кірістік. Бұл қадам халықаралық қауымдастықтың Қазақстан армиясына сенімі жоғары екенін көрсетеді. Біз – бейбіт мемлекетпіз. Барлық елмен достық қатынас орнаттық. Даулы мәселенің бәрін саяси диалог арқылы шешу керек деп санаймыз. Мен бұл Қазақстанның мызғымас ұстанымы екенін үнемі айтып жүрмін. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Армиямыз кез келген сәтте өз міндетін орындауға сақадай сай тұруға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, мемлекет Қарулы Күштердің әлеуетін нығайтуға айрықша мән беріп отыр.

«Әскеріміз ең озық қарумен және техникамен жарақтандырылып жатыр. Қорғаныс өнеркәсібі кешені дамып келеді. Жаңа гарнизондар, әскери қалашықтар мен заставалар салынуда. Сарбаздардың әзірлігі мен жауынгерлік машығы әрдайым шыңдалады. Әскеріміздің арнаулы халықаралық жарыстардан жүлдемен оралуы – олардың дайындығы жоғары екеніне дәлел. Әскерилер, арнаулы және құқық қорғау, азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қамтылған. Оларды мемлекет әрқашан қолдайды. Ел қауіпсіздігі мен шекарасын қас қақпай күзету, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету – жауапты әрі қастерлі міндет. Мұны тек кәсіби деңгейі жоғары, ант пен борышқа адал, ел үшін аянып қалмайтын батыл жандар ғана атқара алады. Сондықтан әскерилер, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлері өскелең ұрпақ пен барша халқымыз үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісі болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерге, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ жоғары мемлекеттік наградалар табыс етті.

Другие новости

Back to top button