«Ауыл – босап бара жатқан кеңістікке айналады»: депутат өзекті мәселе көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдады

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Мархабат Жайымбетов ауыл тұрғындары арасындағы өзекті мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ауыл – халықтың арқауы, елдің ертеңі» деген сөздің мағынасы бүгінде бәрімізге аян. 2023 жылы мемлекет ауылды қолдау үшін жұмыс берушілердің ауылдық жерде қызметкерлеріне тұрғын үй салу шығындарын субсидиялау қағидаларын бекітті.
Бұл бағдарлама ауылдық өңірлердегі мамандарды қолдап, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған маңызды қадам болып саналады. Оның аясында мемлекет тұрғын үй құрылысының 50%-ын өтеу мүмкіндігін ұсынады.
Жарқын жобалар мен игі ниет айталғанымен, кейде жүзеге асуы – тым баяу, әсері тым әлсіз болып жатады. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, аудандық және облыстық орталықтарда, сондай-ақ агломерация құрамына кіретін елді мекендерде салынған тұрғын үйлер субсидияланбайды. Бұл ретте, кейбір өңірлерде, мысалы, Батыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында шаруа және фермер қожалықтары ресми түрде аудан орталықтарына қарағанымен, шын мәнінде ауылдық жерде орналасқан. Мұндай жағдайлар олардың бағдарламаға қатысуына белгілі бір қиындықтар туғызады», — дейді Мархабат Жайымбетов.
Ол өз сөзінде қағидаларға сәйкес, субсидия мөлшері жалпы ауданы 75-тен 100 шаршы метрге дейінгі әрбір пайдалануға берілген тұрғын үйге (блокталған үйлерді қоса алғанда) 5 млн теңгеден аспайтынын еске сала отырып, қазіргі экономикалық жағдайды ескерсек, бұл қаражат нақты шығындардың 50%-ын толық өтей алмайтыны байқалатынын айтты.
«Нақты қажеттілікпен жанаспайды. Кейде бағдарламалар қағаздағы сәттілік пен өмірдегі сүреңсіздік арасындағы алшақтық болып жатады. Бағдарламаның тиімділігіне құрылыс құнының өсуі де әсер етуде. Мәселен, 2023 жылы Батыс Қазақстан облысында 1 шаршы метр тұрғын үйдің орташа құны 284 136 теңгені құраса, 2025-2026 жылдары бұл көрсеткіштің 340 000 теңгеге дейін өсуі болжануда.
Осылайша, ауданы 100 шаршы метр стандартты тұрғын үйдің жұмыс берушіге кететін жалпы құны шамамен 34 млн теңгеге жетеді. Сонымен қатар, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу шығындарын (құрылыс құнының 7,5%-ы, шамамен 2,42 млн теңге) ескеру қажет. «Қағазда бар, өмірде жоқ» деген мысал – дәл осы жағдайға тән.
Егер бұл мәселе түбегейлі шешілмесе, ауыл – жайлы мекен емес, босап бара жатқан кеңістікке айналады», — дейді мәжілісмен.
Сөзін жалғай отырып, осыған байланысты, бағдарламаның мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында субсидиялау шарттарын қайта қарастыру қажет екенін айтып өтті:
- Өңірлік ерекшеліктер мен құрылыс шығындарының өсуін ескере отырып, субсидия мөлшерін арттыру мүмкіндігін қарастыру.
- Аудан орталықтарына ресми түрде жататын, бірақ іс жүзінде ауылдық жер болып саналатын елді мекендердің бағдарламаға қатысуына мүмкіндік беру мәселесін зерделеу.
- Сараланған қолдау жүйесі болуы қажет. Яғни, өңірлердің құрылыс шығындары мен инфрақұрылым деңгейіне қарай субсидиялау әдісін енгізу қажет.
Бұл бағдарлама аясын кеңейтіп, оның тиімділігін арттыруға және ауылдық өңірлердің тұрақты дамуына ықпал етуге мүмкіндік береді, деді депутат сөз соңында.