Карагандинская область

Тамаққа малдың қиын қосып берген: асырап алған балаларын азаптағандардың ісі басталды

Қарағанды облысында бір отбасы жетімдер үйінен асырап алған алты баланы жүйелі түрде қорлап, олардың біреуін мүгедек еткен. Қазір осы отбасының үш мүшесіне қатысты «азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КҮҢ МЕН ҚҰЛҒА АЙНАЛҒАН ТІРШІЛІК

КТК мәліметінше, Қарқаралы ауданына қарасты ауылдардың бірінде 2018 жылы бұл отбасы «үлгілі отбасы» ретінде тіркеліп, балалар үйінен алты баланы патронат тәрбиеге алған. Бірақ оларды ата-аналық мейіріммен емес, қара жұмысқа жеккен: мал бақтырып, қора тазалатып, ауыр еңбекке салған. Кішкентай балалар ашқұрсақ жүріп, күн сайын соққыға жығылып отырған. Кейбір күндері оларға тіпті тамақ та берілмеген.

Прокурордың айтуынша, бір жағдайда балаларға берілген ботқаға «малдың қиы» қосылған. Тағы бір дерек бойынша, балалардың далада, иттің үйшігінде түнеген кездері болған.

МҮГЕДЕКТІК

Медициналық сараптама нәтижесінде балалардың денесінде 19-дан 47-ге дейін жарақат пен тыртық анықталған. Ең ауыр жағдай – ең кенже баланың басына зақым келіп, бас сүйегіне пластина салуға тура келген. Оның аман қалуының өзі ғажап. Мамандар балалардың денсаулығы нашарлағанын, физикалық дамуы қатарластарынан кейін қалғанын айтады.

ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАР ҚАЙДА ҚАРАҒАН

Айта кетерлігі, мемлекет асырап алған әр бала үшін ай сайын шамамен 300 мың теңге көлемінде қаражат төлеп отырған. Бірақ бақылау тиісті деңгейде жүргізілмеген. Қазір үш бала туған әжесіне берілген. Қалған үшеуі балалар үйіне қайта тапсырылып, қауіпсіз ортаға көшірілді.

ПРОКУРОР НЕ ДЕЙДІ

Прокурор Әділ Садықовтың айтуынша, балаларға күнделікті күш қолдану – бұл отбасында қалыпты жағдайға айналған.

— Кішкентай ғана тәртіп бұзғаны үшін оларды қамшымен сабап, көсеумен ұрып отырған. Басы, беті, қол-аяғы жараға толы. Азық-түлік дұрыс берілмегендіктен, дене дамуы да тежелген. Қорадағы ауыр жұмысты істемей қойса, жұдырық пен соққы күтіп тұрған, дейді ол.

Другие новости

Back to top button