Қазақстанда ипотекаға үй алу қиындай түспек

Қазақстанда несие, оның ішінде ипотекалық несие беру талаптары қатаңдатылмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тиісті қаулы жобасын Қаржылық реттеу және даму агенттігі әзірлеген. Құжат агенттіктің ресми сайтында жарияланған.
ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛАДЫ
Жаңа ережелерге сәйкес, банктер белгілі бір белгілерге қарай клиентті жоғары тәуекелді қарыз алушы ретінде бағалайтын болады. Егер төмендегі екі немесе одан да көп фактор анықталса, клиент тәуекелі жоғары деп танылады:
Несие тарихының мерзімі 3 жылдан кем болса;
Соңғы 1 жыл ішінде 30 күннен аса 3 АЕК-тен көп қарызды кешіктірсе;
3 және одан да көп банк немесе микроқаржы ұйымдарында өтелмеген несиелері болса;
Ай сайынғы табысының 45%-дан астамы қарызды төлеуге жұмсалса;
Қарыз тарихында теріс ақпарат болса;
Тұрақты табыс көзі расталмаса.
МАҢЫЗДЫ ЕСКЕРТУ
Егер қарыз алушы тәуекелі жоғары деп танылса, банк оның қарызын қайтару мүмкіндігін алдын ала бағалайды. Егер бұл тәуекел деңгейі бастапқыда 5%-дан жоғары болып, кейін тағы 5 пайыздық тармаққа өссе, банк қарыз алушыға қатысты бақылау мен мониторингті күшейтеді.
Жоба әзірге қоғамдық талқылауға ұсынылған. Егер мақұлданса, бұл талаптар ипотекалық несиелерге де қатысты қолданылады.