Главное

Шымкент әкімі оққа ұшқан орынбасары Руслан Берденовтің отасы аяқталғанша жанында болған

Шымкент қаласының әкімі бірер күн бұрын оққа ұшқан өзінің орынбасары Руслан Берденовтің отасы аяқталғанша жанында болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек әріптесі жайлы пікір білдірді.

«Брифингтің басында жақында ғана болып өткен резонансты жағдайға тоқталайық. Өздеріңіз білесіздер, қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасалып, оқ атылды. Осыған байланысты қысқаша баяндап өтуге рұқсат етіңіздер.

Жалпы, осы жағдай болған кезде қала әкімі де, қала әкімінің барлық орынбасары да, аппарат басшылары да жұмыста болдық. Оқиға болған орынға тез арада шықтық, полиция, жедел жәрдем шақырылды. Тез арада Руслан Берденов ауруханаға жеткізілді. Сол жерде қылмыс жасаған күдікті ұсталды. Осы бірінші емханада ота жасалды. Ота ұзақ уақытқа созылды.

Мұның бәрін неге айтып отырмын, себебі, әлеуметтік желіде неше түрлі әңгіме тарады. Қала әкімі де, орынбасарлары да ота аяқталғанға дейін ауруханада болдық. Ота аяқталғаннан кейін ғана түнгі сағат екі шамасында үйімізге тарадық. Біз жағдайды толық бақылауда ұстадық. Ары қарай жағдайдың ушықпауын әкім жеке бақылауда ұстады», — дейді Сәрсен Құранбек.

Ол сөзін жалғай отырып, осы іске қатысты екі мәселені қозғап өтті. Сөз арасында полицейлер мен дәрігерлердің жұмысын жоғары бағалап өтті.

«Біріншісі, полиция департаментінің дер кезінде шара қолданып, күдіктіні ұстап, қамауға алғанын және тез арада тергеу бастағанын айтуымыз керек. Оған полиция департаменті де, қалалық прокуратура да өз үлесін қосты.

Ал енді мынау медициналық қызметкерлерге қатысты айтсам, ол кісілер кәсіби біліктілігін көрсетіп, отаны жоғары деңгейде жасап шықты. Осыған орай қала әкімдігінің атынан полиция қызметкерлері мен медицина қызметкерлеріне өз атымызда ыстық ықыласымызды жеткізуге рұқсат етіңіздер», — дейді әкім орынбасары.

Сөз арасында бүгінге дейін неліктен түсініктеме бермегенінің себебін былайша түсіндіріп өтті.

«Ал енді біздің ол кезде әлеуметтік желіге шықпауымыз, тіпті қазір де ешқандай түсініктеме бермеуіміз – себебі қылмыс жасалған жерде біздің өкілеттілігіміз жүрмейді. Қылмыс болған жерде полицияның өкілеттілігі басталады. Өздеріңіз білесіздер, полицияның өкілеттілігі басталған кезде жергілікті атқарушы органның өкілеттілігі жүрмейді. Сондықтан, барлық түсініктеме беру полицияның құзіретінде. Ал денсаулыққа қатысты мәселенің бәрі денсаулық сақтау басқармасына қатысты екенін айтқым келеді.

Қазір тергеу жүріп жатыр, прокуратура бақылап отыр. Сондықтан, сіздердің сұрақ қоятындарыңызды білеміз. Бұл жерде бұл адамның не себепті қылмыс жасағанын біз нақты айта алмаймыз, тіпті айтуға құқығымыз да, өкілеттілігіміз де жоқ. Тергеу амалы дұрыс жүру үшін біз ешқандай комментарий бере алмаймыз. Сондықтан, барлық комментарийді полиция департаменті тарапынан өз кезегінде, тергеу аяқталған соң, мүмкін сотқа жолданғанда беріледі», — дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары.

Сөз соңында ел аузында айтылып жүрген алып-қашпа әңгімелердің шындыққа жанаспайтынын ерекше атап өтті.

«Қазіргі таңда біздің берген комментарийіміз не мәлімдемелеріміздің қылмыстық іске әсер етпеуі үшін ешқандай мәлімет бере алмаймыз.

Қылмыскердің бұл қылмысқа барған себебіне қатысты әртүрлі алып-қашпа әңгіме жүріп жатыр. Біздің білуімізше, оның ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Енді тағы да қайталап айтайын – тергеу өз нүктесін қояды. Мүмкін, кім біледі, енді адамның психо-эмоционалды жағдайы дұрыс болмады ма, бұған әсер ететін басқа жағдайлар, психотропты заттар қолданды ма, оны да ешқайсысын айта алмаймыз. Қысқаша мәлімдеме осы», — деп сөзін аяқтады.

Айта кетейік, 21 сәуір күні сағат 20:30 шамасында Шымкент қалалық әкімдігі ғимаратының жанында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалды. Шенеунік жамбасы мен иығынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды. Берденовке ота жасалып, дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалады.

Полицейлер күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.

Кейін оқиға орнында түсірілген видео жарияланды.

Другие новости

Back to top button