Социум

Трамп Си Цзиньпинмен кездескісі келеді: сауда соғысының аяқталуына не кедергі

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен тікелей кездесу өткізуге ниетті. Politico басылымының хабарлауынша, бұл талап Қытаймен бейресми арналар арқылы байланыс орнатуға кедергі келтіріп, сауда қақтығысын дипломатиялық жолмен шешуді қиындатып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

АҚШ сыртқы саясат жөніндегі сарапшысы Райан Хастың айтуынша, Трамп келіссөздерді тікелей, жеке өзі жүргізуді жөн санайды және делдалдар арқылы байланыс орнатуға қарсы. Ол бұл тәсілді Ресей президенті Владимир Путинге де қатысты қолданған.

«Президент Трамп Си Цзиньпинмен жеке сөйлескісі келеді. Ол өз ұстанымдарын үшінші тарап арқылы жеткізуді қаламайды», – деді Хасс.

Алайда Пекин тарапы мұндай бастамаға сақтықпен қарайды. Бұған себеп – Трамптың бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленскиймен болған даулы әңгімесі. Қытай тарабы бұл жолы да келіссөздер популистік шоуға айналуы мүмкін деп қауіптенеді.

ҚХР билігі екі ел арасындағы қарым-қатынасты институционалдық негізде жүргізуді қалайды. Соның аясында жақында Қытайдың халықаралық сауда мәселелері бойынша жаңа өкілі болып Ли Ченган тағайындалды. Енді Бейжің Вашингтоннан да дәл осындай қадам күтуде.

АҚШ президенті Трамп 2 сәуір күні 200-ге жуық елден келетін тауарларға кедендік баж салығын енгізді. Бұған жауап ретінде Қытай 10 сәуірден бастап АҚШ тауарларына салынатын баж салығын 34%-дан 84%-ға дейін көтерді.

АҚШ өз кезегінде қытайлық тауарларға баж салығын 125%-ға, ал кейін 145%-ға дейін арттырды.

Жақында The Wall Street Journal басылымы АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент пен Сауда министрі Говард Лютниктің Трампты жаңа тарифтерді уақытша тоқтатуға көндіргенін жазды. Сонымен қатар, соңғы апталарда Трамп әкімшілігінде кадрлық ауыс-түйістер жүріп жатыр. Бұл әрекеттер сауда тарифтерінің күткендей нәтиже бермегенін көрсетеді.

Сауда мәселелері бойынша кеңесші Питер Наварроның жағдайы да бұлыңғыр. Журналистердің айтуынша, ол Трамптың қолдауына ие болғанымен, сауда саясаты сәтсіздікке ұшыраған жағдайда жауапты тұлға ретінде қарастырылуы мүмкін.

Айта кетейік, 17 қаңтар күні Дональд Трамп президенттік қызметке кіріскеннен кейін алғаш рет Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлескен. Келіссөздер барысында тараптар бейбітшілік, қауіпсіздік, сауда және TikTok әлеуметтік желісіне қатысты мәселелерді талқылап, тұрақты стратегиялық байланыс арнасын құруға уағдаласты.

Другие новости

Back to top button