«Сендерге қарағанда жезөкшелердің ұяты бар»: Қазақстандағы саяси институттың сарапшысы әйелдерді қорлап, пікір қалдырған

Әлеуметтік желідегі кейбір қыз-келіншектер Қазақстандағы саяси институттың сарапшысы Ерсұлтан Жансейітовтің әйелдерді қорлайтын әрі мизогиниялық сипаттағы пікірлеріне назар аударып, институттан шара қабылдауын сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атап айтқанда, Ерсұлтан Жансейітов @natlusre_zh атты аккаунт арқылы әйелдерді келемеждеген, ар-намысына тиетін пікірлер жазды деген күдікке ілінді.
Threads әлеуметтік желісінде Ерсұлтан Жансейітов аяғы ауыр келіншектің ауыр жазбасына мазақ етіп, пікір жазған.
«Өз күйеуің қалай зорлайды сонда? Өзінің жекеменшігінен адам рұқсат сұрайтын ба еді», — деп жазған ол.
Сондай-ақ ол жазбалардың астына жазылған пікірлерде өзге әйелдермен сөз таластырып, жеке басқа тиетін дүниелерді тізген.
«Жезөкшелердің сендерге қарағанды ұяты бар, адал. Бір салада жүрсіңдер. Ақшасы жоқ қыздар тек аналарына ғана керек», — деп пікір білдірген Жансейітов.
Айта кетейік, ашық дереккөздерге сүйенсек, Ерсұлтан Жансейітов – Қазақстандағы әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) Қытай және Азия зерттеулері бағдарламасының жетекшісі. Ол түрлі ақпарат құралдарында сарапшы ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы Қазақстан төрағалығы және аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір білдірген.
Сарапшының әлеуметтік желідегі пікірлеріне қатысты редакция Қазақстандағы әлемдік экономика және саясат институтына сұрау жолдады.