Меркіде оқыс оқиға: шетелдікке пышақ сұғып алған адам өмір бойына сотталуы мүмкін

Меркідегі жанармай құю бекетінде шетелдік мототуристке жасалған шабуылға қатысты тың мәліметтер белгілі болды. Жәбірленушінің адвокаты қылмыстық істің бабына өзгеріс енгізілгенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мототуристің адвокаты Зәкір Асадовтың айтуынша, турист қазір тәулік бойы тәртіп сақшыларының қорғауында. Қылмыстық іс Меркі аудандық полиция бөлімінен Жамбыл облысы полиция департаментінің тергеу бөліміне берілді.
Оның мәліметінше, іс бұдан да ауыр бап бойынша қайта сараланған.
«Қылмыстық іс 293-баптың 3-бөлігі «Бұзақылықтан» 99-баптың 2-бөлігінің 9-тармағы, яғни «Бұзақылық ниетпен кісі өлтіруге оқталу» бойынша қолданыла отырып, қайта сараланды», — деді Асадов.
Қылмыстық бап бойынша кінәсі дәлелденсе, пышақпен шабуыл жасаған адам 15 жылдан 20 жылға дейін немесе мүлкі тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, атышулы қылмыс 13 сәуірде болды. Сол күні белгісіз біреу Меркідегі жанармай құю бекетінде шетелдік мотоциклшіге пышақпен шабуыл жасап, жаралаған. Жәбірленушінің адвокаты ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке видеоүндеу жолдады. Зәкір Асадовтың айтуынша, шабуыл жасады деген күдіктінің туыстары оның қорғауындағы азаматқа қысым көрсетіп, арыздан бас тартуға тырысуда.