Главное

103-ке қоңырау, оқ атқан біреу және айыпты мойындамаған сотталушылар – Шерзат соты қалай өтті

Бүгін, яғни 17 сәуірде Шерзат Полаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша кезекті сот отырысы болып өтті. Ulysmedia.kz тілшісі сот залы ішінен бөлек, сыртындағы оқиғаларды оқырманға баян ету үшін арнайы Талдықорғанға барды.

БАҚ-ҚА СҰХБАТ БЕРУ ЖАЙЛЫ

Бүгінгі сот отырысында судья қатысушыларға БАҚ-қа сұхбат беруден бас тартуды өтінді.

Процес аяқталғанға дейін осы іс бойынша БАҚ-қа түсініктеме беруден бас тартуды сұраймын. Кей жағдайларда бұл заңнамаға сәйкес бұл сотқа қысым көрсетілу болып танылуы мүмкін, — деді судья Ержан Жанұзақов.

Сотта айыпталушылар өзін таныстырды. Басты сотталушының бірі ретінде танылған Абзал Шынасыл ұлты қазақ, білімі орта, уақытша жұмыссыз, бойдақ екенін, бұрын сотталмағанын айтты. Айыптау актісінің көшірмесін қолына алған. Сот отырысына “жартылай дайынмын, толық дайын емеспін” деді ол. Мұның себебі неде деп судья сұрағанда Шынасылдың адвокаты сот кезінде ғана іске араласқанын айтты.

Істі толық зерттеп бітпедік. Толық позицияларымызды айқындай алмай жатырмыз. Толық дайын емеспіз. Бір жағынан ол мойындамаймын деп отыр (Шынасыл), – деді ол.

Айыпталушы Равиль Сәкиев те сотқа дайын емес екенін айтты. Оның адвокаты сот отырысына дайын болғанымен, жауап алуды кейінге қалдыруды өтінді.

Басқа да айыпталушылар өздерін таныстырып жатыр. Айыпталушылардың ішінде Алматы және Шығыс Қазақстан облысының тумалары бар.

“ҚЫСЫМЫМ КӨТЕРІЛІП ТҰР”

Сот барысында Шерзат Полаттың ісінде жәбірленушілер де, сотталушылар да сотты Алматыда өткізуді өтінді. Мұның себебі де белгілі. Өйткені бәрі де Алматыдан Талдықорғанға сотқа арнайы келіп отыр.

Судья Баймаханов сот залында сотталушыларды қорғауға құқығымыз бұзылып отыр деп мәлімдеді.

Сотталушылдармен сөйлесе алмаймыз. Ешқандай жағынан келе алмаймыз. Жолатпайды. Олармен сұрақтар болған жағдайда келісу мүмкін емес. Сонымен қатар, Алматы облысында тергеу изоляторы жоқ дедіңіз. Алматы облысында ешқашан тергеу изоляторы болмаған. Бірақ Алматыда қылмыс жасағандардың бәрі 72-ші мекемеде отыр. Бізге де, жәбірленушілерге де бәріне Талдықорғанға келу ауыр. Болашақта процес бұлай кете берсе дұрыс жүрмейді. Мен өтініш жолдадым. Сізден талап ететініміз: Алматыда ЛА-72 мекемесінде сот отырысын тағайындауды сұраймыз, — деді адвокаттардың бірі.

Судья Ержан Жанұзақов іздер сот отырысына келген кезде сотталушылармен жеке кездесіп, сот отырысына дайын болып келулеріңіз керек болған деп жауап берді.

Ұстанымдарыңызды сол жерде айқындау керек еді. Келесі сот отырысында сотталушылармен жеке кездесіп, дайын болып келуді сұраймын. Мұнда сотталушылармен сөйлесудің қажеті жоқ. Талдықорғанда сот өте береді. Сот сол ұстанымда қалады. Алдын ала тыңдау кезінде айтылды: әр аптаның бейсенбі, жұма күндері сот отырыстары өтеді. Осында өткізіледі, – деді ол.

Жәбірленуші тарап та сотты Алматыда өткізуді өтінген. Олар Талдықорғанға әр сот процесі сайын жету қиын екенін жеткізді. Шерзаттың әжесі “қысымым бірде түсіп, бірде көтеріліп тұр. Алматы облысына сотты ауыстыруды өтінемін” деп сұрады. Бірақ судья оған егер үлкен кісі сотқа қатыса алмаса, кейбір процестерді өткізуіне болатынын жеткізді. Сот бәрібір Талдықорғанда өтетінін айтты.

Сот барысында Шерзаттың әжесінің денсаулығы күрт нашарлап, оны сот залынан сыртқа алып кеткен. Артынша әжесін жедел жәрдем алып кетті.

АЙЫПТАУ АКТІСІ: ШЕРЗАТТЫҢ ӨЛІМІ 

Прокурор Дана Сәрсенбай Шерзат Полаттың өлімі тіркелген кездегі медицина сараптамасының қорытындысын оқыды.

айтуынша, “Қамажай” дүкенінің алдындағы төбелестен кейін Қаржаубай Нұрымов көлігіне баласы Шерзат пен бауыры Нұрқанатты салып алып, жан ұшырып Талғар ауданының орталық ауруханасына жеткізген.

Іс бойынша жүргізілген медициналық сараптамаға сәйкес, Шерзаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтан кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген жарақаттың салдарынан дамыған ауыр қан жоғалтудан болды. Өлім 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01.30-да Талғар орталық ауруханасының стационарында расталды, – деді прокурор.

Дана Сәрсенбай осыдан кейін Шерзат Полаттың денесінде анықталған басқа да жарақаттарды атады. Алайда сөзінше, ол жарақаттар өлімге себеп болмаған.

Мәйітті зерттеу кезінде келесі дене жарақаттары анықталған: ішкі және сыртқы қан кетуін тудырған сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігінің зақымдалуы мен гемматорекс, қуысында 1500 миллиграм деңгейінде қанның болуы, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген және бұл өмірге қауіп төндіретін және жәбірленушінің өлімімен тікелей себепте байланыста болатын денсаулыққа ауыр зиян келтірді. Бұл дене жарақаты стационарға келгенге дейін шаншу, кесу қасиеті бар заттың әсерінен туындаған. Сыртқы дене жарақаттары: сол жақ желке аймағында бастың көгеруі, төменгі қабаққа және оң жақ аймаққа ауысатын оң көздің ішкі бұрышында үшінші саусақ фалангасы деңгейінде, оң қолдың екінші және үшінші саусақтарындағы негізде, оң көздің төменгі қабағында, оң жақтағы дигомитикалық аймақта, сол жақ ерін аймағында, оң білектің төменгі ішкі бөлігінде, алдыңғы бетінде, бесінші саусақтың негізгі фалангасының сол жақ қолының артқы бетінде, ол жіліншіктің жоғарғы үштен бірінің сыртқы бетіндегі сызаттар ауруханаға түскенге дейін тұйық, қатты заттың күшінің әсерінен және жәбірленушілерге, күдіктілерге және басқа тұлғаларға денсаулығына келтірілген зардапты анықтау мақсатында сараптамаға сәйкес, аталған жарақаттар денсаулықтың қысқа мерзімді бұзылуына әкелмейді. Жәбірленушінің өліміне бұл себептер тікелей байланысты емес деп көрсетілген, – дейді прокурор.

Прокурордың айтуынша, төбелес басталған кезде “Қамажай” дүкенінің ішіне кіріп кеткен Қаржаубай Нұрымов кәмелетке толмаған Ахмет Махметтің дауысын естіп, өзімен бірге кассадан асхана пышағын алып, дүкеннің алдына шыққан. Сол сәтте Қалиахмет (сотталушы) Нұрымовтың қолынан ұстап алған. Ал Белғожаев Нұрымовтың әрекетін көріп, дүкеннің есігін аяқпен теуіп, Нұрымовты дүкеннің ішіне қайтадан кіргізіп жіберген.

Осы уақытта “Қамажай” дүкенінің солтүстік-батыс бұрышы және Менделеев көшесі мен “Қамажай” дүкенінің арасында өсіп тұрған ағаштың ортасында қолына тегіс әрі бір ұңғылы, 16 калибрлі аңшы мылтығын ұстаған тұлға сол жерде тұрып, Әскентайдың жақтастары тұрған жерде екі рет оқ атқан. Атылған оқтың бірі “Қамажай” дүкеніне қарама-қарсы орналасқан Талғар қаласы, Менделеев көшесі №12 үй 12 пәтердің қылтимасына тиіп, екіншісі солтүстік шығыс бұрышында орналасқан “Мясная лавка” ғимаратының батыс қабырғасының төменгі бұрышына тиген, – дейді прокурор Дана Сәрсенбай.

Төбелес жалғасып жатқан кезде сотталушы Шынасыл Ғайыпбаев пен Полатты көріп, сабы қоңыр түсті пышағын алып шыққан. Осы кезде Шерзаттың анасы мен әжесі жүргеніне қарамастан солардың көзінше баланың жүрегіне пышақ сұғып алған. Шерзат апыл-ғұпыл қаша жөнелген. Бірақ 45-50 метрден кейін денсаулығы нашарлап, асфальтқа отырып қалған. Әскентай, Тоқтаубаев, Қалиахмет оқиға орнында атыс қаруы қолданылғанын естіп, өздерінің сыбайластарының пышақпен қаруланғанын көріп, төбелесті жалғастырған. Сәкиев Ғайыпбаевқа бөтелке лақтырған. Жұдырықпен Нұрқанатты ұрған.

СОТТАЛУШЫЛАРДЫҢ КӨБІ ТАҒЫЛҒАН АЙЫППЕН КЕЛІСПЕЙДІ

Прокурор Дана Сәрсенбай айыптау актісін бірнеше сағат бойы оқып болғаннан кейін судья Ержан Жанұзақов сотталушыларға сұрақ қойды.

Тағылған айып бойынша өз кінәңізді мойындайсыз ба? – деп сұрады ол сотталушылардан.

Басты айыпталушы саналатын Абзал Шынасыл “кінәмді жартылай мойындамаймын” деп жауап берді. “Шерзат Полатқа пышақ сұққан мен емес, мен Нұрқанат Ғайыпбаевқа…” деп жауап берді. “Яғни 99-баптың 2 бөлігін мойындамайсыз. Ал 24-баптың 3-бөлігі мен 99 баптың 2-бөлігі бойынша мойындайсыз ба?” деген сұраққа “мойындаймын” деді ол.

Сотталушы Равил Сәкиев “кінәні толық мойындамаймын, мен істеген затымды ғана мойындаймын” деп жауап берді.

Сотталушы Белғожаев “маған тағылған айыптаулар бойынша келіспейтін жерім бар. 293-бап 3-бөлігі бойынша кінәні жартылай мойындаймын. 293-баптың 3-бөлігі (…). Арасындағы моменттер бар. Сол жерді мойындамаймын. Қалған істеген әрекеттерімді толық мойындаймын. Бірақ пышақтың сабымен ұрған жоқпын” деді.

Сотталушы Әскентай “іс әрекеттер құжаттар, бейнежазбалар бойынша (…) 293-бап 3 бөлігі бойынша мен жазықсыздан жазықсыз соққы алып, таяқ жедім” деп жауап берді. Сот оны кінәні мойындамайды деп түсінетінін айтты.

Сотталушы Ілиясов “мойындамаймын” деп қысқа қайырды.

Сотталушы Азамат Тоқтаубаев “жартылай мойындаймын. 293-бабы 3 бөлігі бойынша пышақ болды депті. Қолымда пышақ болған жоқ. Екіншіден, 188-баптың 1-бөлігін мойындамаймын. Ұрлау мақсатында алмадым” деді ол.

Сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев “кінәмді жартылай мойындаймын 293 бөлігінде Шерзатқа қолымның ұшы тиген жоқ. Нұрқанатты тепкенімді мойындаймын” деді.

Сотталушы Ысқақ “мен толық мойындамаймын” деп кесті.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.

Другие новости

Back to top button