Главное

Қазақстанда эндаумент-қорлар заңдастырылады: ол не үшін қажет

Қазақстанда эндаумент-қорларға арналған дербес заң пайда болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Эндаумент-қор деген не

Алдымен бұл ұғымның мәніне тоқталайық. Эндаумент (ағылш. endowment – үлес, сый, қайырымдылық) – бұл коммерциялық емес мақсаттарға арналған капитал. Әдетте мұндай қорлар білім беру, медицина, мәдениет, ғылым салаларындағы ұйымдарды қаржыландыру үшін қолданылады.

Қорға берілген қаражат жұмсалмайды, оны басқару кәсіби басқарушы компанияға сенімді түрде тапсырылады. Бұл қаражаттан түсетін инвестициялық табыс донорлар белгілеген мақсаттарға бағытталады, ал негізгі қаражат айналымда қала береді.

Заң жобасы

Мәжіліс бірінші оқылымда «Мақсатты капитал (эндаумент-фондтар) туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасында эндаумент-қорлардың қаражатын бағыттауға болатын нақты салалар көрсетілген. Олар: білім беру, ғылым және инновациялық қызмет, бұқаралық спорт, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық қызмет көрсету, халықты әлеуметтік қорғау.

Эндаумент-қордвң активтері ретінде ақшалай қаражат, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік және зияткерлік меншік танылады. Мұндай мүлікті эндаумент-қорға шектеусіз мерзімге, бірақ кемінде 10 жылға беру мүмкін. Бұл ретте берілген мүліктің негізгі құны сақталуға тиіс, ал шығындар тек басқарудан түсетін инвестициялық табыстан ғана жүзеге асырылады.

Егер қор активтері заң жобасында белгіленген шекті деңгейден асып кетсе, оларды міндетті түрде кәсіби басқарушы компанияның сенімді басқаруына беру көзделген. Депутаттардың ұсынысы бойынша бұл шек – 10 000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал активтерді беру мерзімі – 3 ай. Осы уақытқа дейін қаражат екінші деңгейлі банктердің депозиттерінде сақталады.

Контекст

Бұл заң жобасы, әсіресе, алаяқтыққа байланысты резонансты істер аясында өзекті. Соның ішінде Перизат Қайрат ісі ерекше назарда. Алаяқтар қазақстандықтардың көзінде кез келген қайырымдылық түрінің беделіне зор нұқсан келтірген. Ең кең таралған алаяқтық тәсілдердің бірі – өзгелердің қайғы-қасіретін пайдаланатын жалған қайырымдылық қорларын құру болып отыр.

Другие новости

Back to top button