Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған ер адамның соты басталды

Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған ер адамға қатысты отырысы басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында 67 жастағы алматылық Машрапбек Баратовқа қатысты сот процесі басталды. Ол 7 наурыз күні Алматы әуежайында 23 жастағы тексеру аймағының қызметкері Ботагөз Мұхтарованы кепілге алған. Ол қызметкерді ас үй пышағымен қорқытып, рюкзагында бомба бар екенін және жарылыс жасайтынын айтқан еді.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Айта кетейік, Алматыда ер адам әуежай қызметкеріне пышақпен тап берген болатын. Телеграмда ер адам әуежай қызметкерінің шашынан ұстап алып, қоқан-лоқы көрсетіп жатқан видеосы тарады. Ер адамның қолында пышақ болған.
Артынша белгісіз ер адам қаскөйге қызды жіберіп, кепіл ретінде өзін ұсынып, қасына келген.
Желіде тараған видеоларда ер адам алдымен қаскөймен сөйлесіп тұрып, артынша қолындағы пышағын жұлып алады.
ҮШ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Бұл дерек бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда:
Кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) — мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы.
Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) — 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) — 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы.