«Жабайылық деген осы»: Меруерт Түсіпбаева Түркістан облысындағы мешітте балаларға аяғын уқалатқан дін қызметкерін сынады

Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева Түркістан облысындағы мешітте балаларға аяғын уқалатқан дін қызметкерін сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, мешітте балаларға аяғын уқалатқан дін қызметкердің видеосы желіге тараған еді.
“Бір апта бойы талқыланып жатқан жабайылық деген – осы. Жабайылық деген осы болар, сірә?! Болашағы жарқын болсын десеңіз көкжиегін кеңейтіп, балаларыңыз саяхаттасын, тіл үйренсін, кітап оқысын, білімді мен сауатты заманауи болсын!”, – деп жазды әнші.
Еске салайық, ҚМДБ Түркістан облысындағы мешітте балаларға аяғын уқалатқан дін қызметкеріне ескерту бергенін жазған едік.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Назарбаевтың ағасы Сатыбалды Әбішұлы атындағы мешітте имам аяғын уқалатқаны үшін сынға қалған еді. ҚМДБ бұл жағдайды дұрыс емес деп бағалады. Мешіт ғибадат үйі, рухани орталық, киелі мекен, иман мектебі болғандықтан, онда әрбір адам әдеп ережелерін сақтауы керек дейді.
«Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы мешітте болған оқиға желіде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті жерде халықтың наразылығын тудырған әрекеттері үшін мешіт имамына ескерту жасады», – деп хабарлады мүфтият.