Еуропа әскері Украинаға кірсе, ҰҚШҰ не істейді – Тасмағамбетовтың жауабы

ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Ресейдің Известия басылымына берген сұхбатында Еуропа елдерінің әскери контингентінің Украинаға кіру ықтималдығына байланысты сұраққа жауап берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТАСМАҒАМБЕТОВ НЕ ДЕЙДІ
Басылымы тілшісі “Еуропада Украинаға әскери контингенттерді орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл өңірлік қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін бе? ҰҚШҰ аясында мұндай сценарий мен оған қарсы шаралар талқыланып жатыр ма?” деп сұрайды.
Бұл сұраққа жауап берген Иманғали Тасмағамбетов Украинаға әскери контингенттер жіберу мәселесі Еуропа елдерінің астаналарында бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін атар өтеді. Алайда осы күнге дейін бұл контингенттер ресми түрде орналастырылмағанын айтады.
Бұл, ең алдымен, өңірлік тұрақтылыққа елеулі қатер төндіруі мүмкін екендігімен байланысты. Сонымен қатар, экономикалық және әлеуметтік саладағы күрделі үдерістерден қажыған еуропалық қоғам мұндай шешімді қолдай қояды деу қиын. Себебі бұл қоғам үшін қосымша ауыртпалық болмақ, тіпті бұл контингенттер шабуылдау операцияларына тартылмай, тек полиция немесе бақылау функцияларын орындаған жағдайда да. Осындай қауіптер туындаса ҰҚШҰ ұйымның жарғылық құжаттарына сәйкес әрі мүше мемлекеттердің бірауыздан мақұлдауымен қарастырылған шеңберде көмектің әртүрлі нұсқасын көрсетуге дайын, – дейді Иманғали Тасмағамбетов.
ЕУРОПАНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ
Еуропа көшбасшылары Киевке қару-жарақ жеткізуді жалғастыру қажеттігін баса айтқан. Алайда сарапшылар Еуропаның қару тапшылығын толықтыру қабілетіне күмәнмен қарап, Украина ұрыс қимылдарын қаншалықты ұзақ жалғастыра алатынына алаңдаулы. Геосаяси тартыс жалғасып жатқанда, ұзындығы 960 шақырымға созылған майдан шебінде украин және ресейлік күштер арасындағы қарулы қақтығыс қиын-кескі жалғасып жатыр. Донецктің батысындағы Покровск маңында Украина қарулы күштерінің 14-бригадасы ресейлік әскердің шабуылын тоқтатуға барын сала түскен.
Трамп әкімшілігі сейсенбі күні әскери көмекті тоқтату қақтығысты шешудің жолдарын іздеуге бағытталғанын мәлімдеді.