Театрларға бөлінген ақшаны көрсең жылағың келеді – Тұңғышбай Әл-Тарази

Театр өнерінің қазіргі жағдайы туралы комитеттің тақырыптық отырысында актер, режиссер Тұңғышбай Әл-Тарази театрдағы мәселелерді тек заңмен шешу керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АКТЕР НЕ ДЕЙДІ
Театрдың мәселелері заңға келіп тіреледі. Заң болмаса бәрі бос әңгіме. Өз басым министрдің отырыстарында заңға түбегейлі болмаса да, әжептәуір өзгерістерді айтып едім. Құрамында 3 мыңға жуық мүшесі бар Қазақстан театрлары қайраткерлері одағының атынан айтқан сөзіміз ешқандай мәнге ие болмады. Себебі біз қазір қоғамдық ұйымбыз. Қолымызда билік жоқ. Біздің одақты итті жақсы көретін одақтардың деңгейіне заң бойынша тіретіп қойған. Осы мәселені қарау жөнінде үлкен кісілердің бәрі де айтып жатыр.
Тұңғышбай Әл-Таразидің айтуынша, театрда басшылық жайы қиын болып тұр. Себебі ұжымды бір ғана директор басқарады. Ал көркемдік жетекші деген лауазым орысша айтқанда “свадебный генерал” сияқты ештеңе шешпейді. Шығармашылық ұжымды көркемдік жетекші. Труппаны жасақтап, спектакльдерді қарап, репертуар саясатын ойлайтын да сол адам. “Ал бізде қазір көркемдік жетекші жай әншейін әңгіме болып қалды, оның еш сөзі өтпейді” дейді ол.
Қазір театрлардың бәрі бетімен кеткен. Барлық театрларда көркемдік жетекшінің кім екенін адам танымайды. Кім екенін білмейді. Облыс театрларында кім көрінген жетекші болып жүр. Оның қандай құзіреті барын ешкім білмейді. Осыған назар аударып, заңмен байланыстыру керек, – дейді ол.
Тұңғышбай Әл-Тарази сонымен қатар, үлкен актерлердің не сабақ беруге немесе театрға жұмыс істеуге баруы туралы шартты сынады. Өнер адамдары бір айлықпен күн көре алмайтынын атап өтеді. Оркестрдегі домбырашылар бір айлықпен бір айлықпен өмір сүре алмайтынын атап өтеді.
Спектакльдерге облыстарда бөлінетін 4 млн теңге деген күлкілі, жаның ашиды. Жылағың келетін қаражат қой бұл. Бұл не деген немкеттілік. Облыс театрлар тоқалдан туған ба? Неге олар үлкен спектакльдерді қоя алмайды? Өнер деген арзан болмауы керек. Одан ақшаны аямау керек, – дейді ол.
Актер облыстарда 2-3 млн теңгеге спектакльдер қойылып жатқанына наразылық айтады. Сонымен қатар, ол әкімдердің театрларға жіті назар аудармай отырғанын айтып, мәселені реттеу керек деп мәлім етті.