Главное

Әр өңірде 8 наурызға орай әйелдерге қанша теңгеден беріледі

Бірнеше өңірде әйелдерге 8 наурызға орай ақшалай төлемдер беріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АСТАНА

Астаналық әйелдерге 8 наурызға орай 9830 теңгеден беріледі. Төлем көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға, оның ішінде Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын әлеуметтік аз қамтылған аналарға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының әлеуметтік төлемдер орталығының тізімдері негізінде жүзеге асырылады.

АЛМАТЫ

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 8 наурызға орай әлеуметтік төлемдер қарастырылмаған.

ШЫМКЕНТ

Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері, «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға 5 АЕК – 19 660 теңге мөлшерінде бір реттік әлеуметтік төлем жасалады.

Шымкент қаласында 2025 жылдың 1 ақпандағы мәлімет бойынша көпбалалы аналар саны – 67 741, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар – 13 805. Көп балалы, яғни 4-5 баласы бар аналар саны 53 936. Бір реттік әлеуметтік төлем үшін көпбалалы аналардың тізімі «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорциясы КЕАҚ базасынан алынады.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ

Жергілікті атқарушы органдардың шешімімен 8 наурызға дейін ана болу үшін мемлекеттік наградаларға ие болған әйелдерге материалдық көмек көрсетіледі:

  • «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларының иелері;
  • бұрын «Батыр ана» атағын алған әйелдер;
  • 1 және 2 дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған.

Олардың әрқайсысына 2 АЕК (7 864 теңге) беріледі. Бұл төлемдерге барлығы 12 686 әйелге 99,7 млн ​​теңге бөлінді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. Төлемдер сомасы 5 АЕК (19 660 теңге), ал көмектің жалпы сомасы 654,6 миллион теңгені құрайды. 33 300 адам, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар да қолдау алады.

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ

Ұлытау облысында 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай бір рет берілетін әлеуметтік төлемнің құны – 20 000 теңге. Төлем Ұлытау облысының «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған 2711 анаға беріледі.

Сонымен қатар, төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толған жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алатын балалары бар 6454 көпбалалы отбасыға төленеді.

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Шығыс Қазақстан облысында мерекеге орай бірнеше санаттағы әйелдерге 15 мың теңге көлемінде төлем беріледі.

— Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде ана мен баланы қолдау тетіктері көзделген. Осы ретте, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыста «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әйелдерге, 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар аналарға 15 000 теңге мөлшерінде біржолғы төлем беріледі, — делінген әкімдіктің ақпаратында.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда 12 400-ден астам көпбалалы әйел тұрады. Оның ішінде: 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар 8829 әйел бар. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған 3588 көпбалалы ана тіркелген.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ

Облыс әкімдігі мерекеге орай нақты қанша теңгеден берілетінін айтпады. Дегенмен мереке күні қарсаңында Қарағанды облысында халықтың әлеуметтік осал топтарынан 32 441 адам қолдау шараларымен қамтылады. Төлемдер аудандық және қалалық бюджеттердің мүмкіндіктеріне байланысты.

Көп балалы аналар, сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған Қарағанды, Балқаш, Приозерск, Саран, Теміртау, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарының тұрғындағы біржолғы төлем алады.

Бұдан басқа, Саранда балалары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын көп балалы аналарға материалдық көмек беріледі. Шахтинск қаласында мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына көмек көрсетіледі.

ПЕТРОПАВЛ

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, мерекеге орай берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналар және марапаты жоқ 18 жасқа дейінгі балалары бар көпбалалы аналар алады.

— Ерекшелігі – орден, алқа иегерлеріне 10 АЕК мөлшерінде, яғни 39320 теңге, ал басқаларына 5 АЕК мөлшерінде – 20 мың теңгеге жуық әлеуметтік төлем жасалады. Мұндай бір реттік көмекті Петропавлда 1,5 мың әйел алмақ, — деді Петропавл қалалық әкімдігінде.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Мереке қарсаңында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Ардақты ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға бір реттік көмек қарастырылмақ. Аудандық және қалалық бюджет есебінен жалпы 63 мыңнан астам адамға 484,8 млн теңгеге жуық қаржы қаралып, орташа есеппен 7864 теңгеден біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.

8 НАУРЫЗҒА ОРАЙ БЕРІЛЕТІН ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ

Биыл халықаралық әйелдер күні (8 наурыз) сенбіге түседі. Демалыс күндерін ауыстыру қағидаларына сәйкес, қосымша демалыс күні 10 наурызға (дүйсенбі) белгіленген.

Демалыс кестесі:

  • Бес күндік жұмыс аптасы бойынша: 8, 9 және 10 наурыз – қатарынан үш күн демалыс.
  • Алты күндік жұмыс аптасы бойынша: 8 және 9 наурыз – демалыс, бірақ 10 наурыз (дүйсенбі) жұмыс күні болады.

Другие новости

Back to top button