«Тарих бетінде ақымақ ретінде қалады»: саясаттанушы Трамп пен Зеленскийдің келіссөзі жайлы

Саясаттанушы Досым Сәтпаев АҚШ пен Украина көшбасшылардың Ақ үйдегі соңғы кездесуін талдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтің пікірінше, кез келген маңызды саяси оқиғаны талдағанда оны 30-50 жылдық ұзақмерзімді келешек тұрғысынан бағалау қажет. Сондықтан, оның пайымдауынша, бұл жағдайда жеңілген тарап Дональд Трамп болмақ.
Егер Украина АҚШ-тың қолдауынсыз да ұзақ уақыт бойы агрессияға төтеп беруді жалғастырса, онда Трамп тарихта қарапайым шындықты түсінбеген ақымақ ретінде қалады. Кейбір сарапшылар назар аударған бұл қарапайым шындық – шарттарды тек берілуге дайын тарапқа ғана диктаттауға болатыны. Ал Украина мұндай әрекетке бармақ емес. Бұл – АҚШ көмегінсіз қалған кезде «Талибан» қозғалысының содырларынан қашып кеткен Ауғанстан президенті Ашраф Ғани емес.
Тіпті ең қолайсыз жағдайдың өзінде, егер Украина қазіргіге қарағанда әлдеқайда қиын ахуалға тап болса да, Трамп бәрібір тарихта ақымақ саясаткер ретінде қалады. Ол Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Невилл Чемберленнің тағдырын қайталауы мүмкін. Чемберлен ХХ ғасырдың 30-жылдары әйгілі Мюнхен келісіміне қатысып, Германияға Чехословакияның Судет аймағын беруге келісімін берген. Бұл әрекет Гитлердің агрессиясын тоқтатады деп үміттенгенімен, шын мәнінде ол жағдайды одан әрі ушықтырды.
Ақыр соңында, бір қанатты сөз бар: «Біреулер тарихқа енеді, ал біреулер сүрінді». Черчилль тарихқа енді. Чемберлен тарихта сүрініп, өз орнын тапты. Бірі өз елі мен шындық үшін күресті, ал екіншісі саяси ұпай жинап, өтірікпен мәмілеге келуге тырысты, – деп жазды Досым Сәтпаев Facebook-тегі жазбасында.
Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі келіссөздері шын дауға айналған.
Бастапқыда бұл кездесу пайдалы қазбалар мен табиғи ресурстарды бірлесіп өндіру туралы келісімге қол қоюмен аяқталады деп күтілген. Алайда Зеленский Ақ үйді мерзімінен бұрын тастап кетті, ал келісімге қол қойылмады. Fox News арнасының хабарлауынша, Трамп Зеленскийден кетуді «өтінген», ал баспасөз мәслихаты тоқтатылған. Кейін Трамп мәлімдеме жасап: «Ол бейбітшілікке дайын болғанда, қайта оралуына болады» деп жазды. Ал Зеленский X әлеуметтік желісінде Америкаға сапары үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында Трамп бірнеше рет Украинаға көрсетіліп жатқан көмектің жеткілікті екенін атап өтіп, Зеленскийдің келіссөздерде шарт қоя алатындай «қолында картасы жоқ» екенін айтты. Бұған Зеленский: «Мен мұнда карта ойнауға келген жоқпын» деп жауап берді.
Ақ үйде Украина президенті Зеленскийдің АҚШ президенті Трамп пен вице-президент Вэнспен ашық дауынан бір күн өткен соң украин көшбасшысын Ұлыбритания билігі Лондонда зор құрметпен қарсы алған еді. Зеленский Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер ұйымдастырған еуропалық көшбасшылар саммитіне қатысып, кейін Сандрингемдегі резиденциясында король ІІІ Карлмен кездесті. Саммиттің басты мақсаты – «соғысты тоқтату жоспарын әзірлеу» болды, деп мәлімдеді оның ұйымдастырушысы Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер. Оның айтуынша, бұл жоспар кейін АҚШ-пен талқыланып, содан кейін бірлесіп іске асырылады.