Дәл осылай шенеуніктерді тексеріңдер – «салық төлемегендер» тізімінде жүргендер не дейді

Салық төлемегендердің тізімінде жүрген танымал қазақстандықтар пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Құпия тізімді журналист Козачков телеграмм арнасында жариялаған болатын. Суреттегі тізімде Қазақстандағы блогерлердің біразы бар. Бұл қатарда 2 миллиард теңгеден астам соммамен Бейбіт Әлібеков көш бастап тұр. Одан бөлек Баян Алагөзова, Ерке Есмахан, Алтынай Жорабаева, Тоқтар Серіков есімді шоу бизнес өкілдері де бар.
МҰХТАР ТАЙЖАН
Тізімде тек шоу-бизнес өкілдері ғана жүрген жоқ. Оның ішінде, белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Мұхтар Тайжан да бар. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жайтқа қатысты пікір білдірген. Мұхтар Тайжан не үшін бұл тізімде жүргенін салық қызметкерлерінен анықтап үлгерген.
Менде Facebook, Instagram парақшаларымда және YouTube-арнамда оқырман көп болғандықтан блогерлер тізіміне қосып қойған екен. Салық қызметкерлері мені заңсыз жарнамамен айналысты деп күдіктеніп, ол бойынша салық төлемеді деп ойлап, менің барлық жеке банк карталарымнан барлық қолма-қол ақша операцияларын сұрады. Менің ақша айналымыма қол жеткізіп, салық қызметкерлері оның бәрі жарнаманың ақшасы деп ойлаған. Бірақ оның ішінде заңды тұлғалардан бірде-бір ақша түспеген. Бәрі жеке аударымдар — отбасылық аударымдар, басқа банктегі шоттарымнан, өз депозиттерімнен, банкоматтардан қолма-қол ақшаны толтыру және т.б. Салық органдары мұның барлығын жарнама үшін салық салынатын табыс ретінде есепке алған, дейді Тайжан.
Оның сөзінше, әрбір ақша аударымының есебін беруге бір ай уақыт берілген.
Бұл туралы жазбай-ақ қояйын дегенмін, себебі бұған дейін де салық органдары тарапынан тексеріс болған. Бірақ тізімде менің де атым жүргендіктен түсіндіріп кетуім керек деп ойлаймын. Осындай құлшыныспен салық қызметкерлері Біріккен араб әмірліктерінде элиталы үйлері бар екені анықталған шенеуніктер, судья, банкрот болып жатқан ұлттық компаниялардың басшыларын тексерсе жақсы болар еді, – дейді Мұхтар Тайжан.
СЫРЫМБЕК ТАУ
Тізімде жүргендердің бірі – белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау. Тізімдегі ақпаратқа сәйкес, Сырымбек Тау 114 миллион теңге салық төлемеген. Алайда кәсіпкер оның қатысы бар компаниялар кемінде 10 миллиард теңгеден астам салық төлегенін айтады.
Ал 114 миллион теңгеге жарнама жасап, салық төлемеді немесе блогер ретінде 114 миллион теңге табыс тапты деген ақпарат түсініксіз. Осы мәселеге қатысты есепшім барлық құжаттарды мұқият тексеріп, 2022-2023 жылдарға қатысты мән-жайды анықтайды. Естеріңізде болса, туған күнімде ешқандай сыйлық қабылдамай, “Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына көмектесейік” деген бастама көтердім. Сол кезде 77 миллион теңге жиналып, оның үстіне өз қаражатымнан қомақты үлес қосып, орталыққа бердік. Қазіргі күнге дейін сол орталықтың шығынын өз мойныма алып келемін. Бүгінде ай сайын 300-ден астам бала тегін емделеді.
Егер банктік карталарға түскен қаражаттарды осылай салық есебіне енгізетін болса, онда әрбір Қазақстан азаматының картасы тексерілуі мүмкін. Бұл жағдай сіздің де басыңызға түсуі ғажап емес, сол себепті кіріс-шығысыңызды есептеп жүргеніңіз абзал. Мен жарнама арқылы ақша тапқан емеспін! Құдайға шүкір, өз кәсібім бар, табысым өзіме жеткілікті азаматпын, дейді кәсіпкер.
ЖАНИЯ ДЖУРИНСКАЯ
Бұл тізімге қатысты актриса әрі блогер Жания Джуринская да пікір білдірді. Ол салық – бей-жай қарауға болмайтын, маңызды дүние екенін айтты.
Бәрі жақсы болады. Дұрыс, әр адам салық төлеуі керек, бірақ салық мөлшері миға сыймайды, оны жақында есеп беріп, анықтаймыз, – дейді актриса.
БҰҒАН ДЕЙІН
Блогер Әлішер Елікбаев желідегі парақшасында блогерлердің салық органдарынан хат алғанын жазған еді.
Елікбаевтың сөзінше 14 ақпаннан бастап блогерлер, инфлюенсерлер, ақпараттық бизнес өкілдері, спортшылар және танымал адамдар жаппай салық органдарынан «валентинка» ала бастаған. Айтуларынша, алғашқы толқында 8 000 адамға хабарлама жіберілген.