Главное

Қазақстанда той-томалақ пен асқа тыйым салу қажет пе – депутаттар не дейді

Қырғызстанда құдалық, марқұмның жетісін, қырқы мен жылдық асын беруге заңмен тыйым салу ұсынылып жатыр. Көрші елдің депутаттары ысырапшылдық проблемасымен осылай күреспек. Қазақстанда да той-томалақ пен астағы дарақылықты заңмен тоқтатуға бола ма? Azattyq Rýhy тілшісі Мәжіліс депутаттарының пікірін сұрап білді.

Депутат Еділ Жаңбыршин марқұмның қырқы мен жылдық асына тыйым салуға мүлде қарсы.

«Бұл ата-бабамыздан қалған дәстүр, салтымыз. Мұсылман болғаннан кейін оның өз шарттары бар. Сондықтан жетісі болсын, қырқы болсын, жылы болсын өтуі керек деп ойлаймын. Ал дастарқанды әркім өзі жағдайына қарап жасайды ғой, бірақ ысырапшылдық болмауы керек. Бұл той емес, үлкен қаза. Адамдар ас ішіп, аяқ босату үшін бармайды. Отбасына көңіл айту үшін, олардың қазасын жеңілдету үшін, құран-дұға оқу үшін барады. Сенің дастарқаның жұпыны, сенің дастарқаның осындай деп айту үлкен мәдениетсіздік дер едім. Сондықтан бұл жағдайда үй иесіне де ұялудың қажеті жоқ, дастарқанға барын қойып, сол садақадан ауыз тиіп кетсе дұрыс болады», — дейді ол.

Ал құдалық, той-томалақ өткізу мәселесін қайта қарау артық етпейді дейді депутат.

«Біз кейбір ескі дүниелерді қайта қарауымыз керек. Кей жағдайда астамшылыққа куә боламыз, ол енді ұят. Адамның өзіне қажетті дүниені берген дұрыс. Жалпы, менің ойымша, барлық көмекті шаңырақ көтерген жастарға беру керек. Үй алып бер, көлік алып бер немесе басқа да үйіне қажетті дүниелерді ал. Көбіне сол жағынан көмектесуіміз керек. Ал оған тыйым салғаннан кейін оны қадағалау керек, бақылау керек. Кімнің үйіне барып қадағалап жүресің?! Ол енді ыңғайсыз болады. Мұның бәрі әркімнің ішкі дүниесі, ішкі мәдениетімен реттелуі керек», — деген пікір білдірді Жаңбыршин.

Оның әріптесі Ерлан Сайыров аста төк тойдан арылып, үнемшілдікке қарай бет бұрсақ екен дейді.

«Менің ойымша, тыйым салу-салмау мәселесі адамдардың өз деңгейінде шешілуі қажет. Біз әрқашан қонаққа барамыз, тойдың дәстүрін білетін халықпыз. Дегенмен той жасауда да еуропалық немесе басқа үлгіге көшсе дұрыс болар еді деп ойлаймын. Біз өз қаржымызды үнемдеу режиміне өтуіміз керек тәрізді», — дейді мәжілісмен.

Ал депутат Ұлықбек Тұмашинов той-томалаққа заң бойынша тыйым салуды қолдайды. Оның айтуынша, егер бұған заңмен тосқауыл қойылмаса, бұл үрдіс тоқтамайды.

«Той жасасақ, несиеге батып, анадан-мынадан қарыз алып той жасаймыз. Ал тойдың не мағынасы бар? Жарайды, адам келді, ішті, жеді, кетті. Мұның бәрі ысырапшылдық деп аталады. Мұның бәрін тоқтату керек. Оны қойшы, қазір өлім-жітімге ысырапшылдық көбейіп кетті. Имамдар мен молдалар осыны азайтайық деп қайта-қайта айтып жатыр. Соған қарамастан бір-бірімен бәсекелеседі. Бұл мақтанатын жағдай емес. Жағдайың болса, сен Айға апарып жасасаң да болады. Бірақ қарыз алып, кредитке той жасау дұрыс емес. Сондықтан қырғыз азаматтар өте дұрыс мәселені көтеріп жатыр. Біз де сол мәселені қозғап, оны қолдауымыз керек. Әрине, бізге де заң жүзінде тыйым керек. Егер заң жүзінде болмаса, бұл тоқтамайды, белең алып барады. Шынын айтсақ, ыржыңдаған әртістерді шақырып, оған қаншама ақша төлеп, бір-бірінің алдында мақтанғаннан түк те пайда жоқ», — деген ол депутаттар болашақта осы мәселені Парламент қабырғасында көтеруі мүмкін екенін атап өтті.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың пікірінше, дәл қазір мұндай дүниелерді заңмен реттеу қиынға соғады.

«Қазір адам өлімінің өзі жарыс сияқты. Тойханаға барады, мейрамхананы жалға алады, асын береді, ұзын тізім жазып береді, оның алсаң шығындаласаң, алмасаң ұят сияқты болып тұрады. Одан кейін той да солай. Мен Түркияда да, Америкада да тойлардың қалай өтетінін көрдім. Тек қана сусын, тәтті қояды. Ал біз не істейміз? Бес сағаттық тойға бес жыл төлейтін кредит аламыз. Сол кредитті төлей алса жақсы. Бірақ қаншама азаматымыз төлей алмай, мұның арты әлеуметтік кикілжіңге әкеп жатыр, жастар ажырасып жатыр. Әрине, бұл алдағы уақытта реттелуі керек. Бірақ дәл қазір заңмен қиын. Өйткені кез келген адам бұл біздің Конституциялық құқығымыз деп шығады. Бірінші кезекте адамның санасына берілуі керек, әр адам мұның дұрыс емес екенін өзі түсінуі керек. Содан кейін барып қана ол уақытпен реттеледі», — дейді Мұқаев.

Бірақ депутат марқұмның жетісін, қырқы мен асын беруге тыйым салу туралы ұсынысты қолдамады.

«Қазақ аруағын сыйлаған халық. Тыйым салғанды мен өзім де құптамаймын. Мысалы мен анамды әр ай сайын жақындарымызбен құран бағыштап еске алып отырамыз. Қазақта да «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар ғой»,- дейді депутат.

Другие новости

Back to top button