Таксистер бұрын соңды көрмеген шығынға батуы мүмкін – депутат дабыл қақты
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға такси жүргізушілерінің мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘҢГІМЕ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ
Депутаттың айтуынша, үкімет тәулік бойы тыным таппай жолаушы тасымалдайтын такси мен автобустың тізгінін ұстаған азаматтарды тәртіпке саламыз деп, мәжіліске заң жобасын ұсынған. Тақырыбын тәптіштеп айтқан депутат жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы мемлекет құзыретінің бір бөлігін өзін-өзі реттеу ұйымдарына беру, солардың тілінде «СРО» құру туралы айтты.
«Бұған сарапшылар әуел бастан қарсы болды, Мәжілісте де талай түйреп, сынымызды дәйекпен айттық. Бірақ мемлекеттік органдар тас жолдағы қауіпсіздікті өздері ретке келтіре алмай отырып, жауапкершілікті жекеменшік ұйымға ысыра салуға бағытталған бағдарынан бас тартпай отыр. Себебі мен салдарын санамалап берейін», — дейді ол.
ДЕПУТАТ НЕГЕ ҚАРСЫ
Сәрсенғалиевтің айтуынша, заң жобасы өзін-өзі реттеу ұйымдарына жолаушылар тасымалындағы тарифті белгілеу, бағаны реттеу құзыреттерін бермек. «Бұл қате» дейді ол.
«Құрылуы мүмкін өзін-өзі реттеу ұйымдары азаматтарымызды аямайтыны екібастан белгілі. Бұл жерде тұтас саланы жекеменшік ұжымдарға жығып беру – монополияны қолдан жасауға бағытталған қисынсыз әрекет. Біздің үкімет тыңнан түрен салып жатқан жоқ. Мәселен такси қызметін өзін-өзі реттеу ұйымына бергендердің бірі АҚШ, Калифорния штаты. Салдары ауыр, біріншіден тұтас салаға қожайын болған қауымдастық өзіне жақын такси компанияларын ғана тіркеп қалғандарына жолаушылар тасымалдауға тыйым салған. Екіншіден жекенің қолына өткен саладағы қауіпсіздік талаптары жеңілдетілгендіктен таксилер демалыссыз жұмыс істеген. Салдарынан таксидің қатысуымен болған жол апаттары 15 пайызға көбейген. Бұл СРО-ны енгізгеннің салдары», — дейді ол.
«ЖАПА ШЕККЕНДЕР КӨП»
Нартай Сәрсенғалиев жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы қауіпсіздік мәселелерін өзін-өзі реттеу ұйымына беру адамдардың өміріне жүрдім-бардым қараудың нақты көрінісі дейді. Ақшаның артынан қуған жекеменшік ұйымдар қауіпсіздікке қалай болса солай қарайтыны айтпаса да түсінікті деп есептейді. Мысалы Бразилияда жолаушы тасымалдау өзін-өзі реттеу ұйымына берілген. Олар дереу автобустарға берілетін лицензияның талаптарын жеңілдетіп тастаған. Салдарынан автобустардың қатысуымен болған жол апаттарының саны 15 пайызға көбейген, жапа шеккендер санында есеп жоқ деп мәлімет келтірді ол.
«Біздің елде де жол апаттары жыл сайын жүздеген адамның өмірін жалмайды, бұл проблеманы мемлекеттік органдар шеше алмай отырып, ақыр аяғында жолдағы қауіпсіздікті өзін-өзі реттеу ұйымына бере салу туралы шешімдері ақылды адамның әрекеті емес. Үшінші мәселе. Қазақта «сараң бай союға қозы таппай, жарлының жалғыз тоқтысын сұрайды» деген сөз бар. Жұмыссыз жүрген жандар мен айлығы шайлығынан артылмайтын ағайын такси болып нәпақа таба бастағаны сол еді, уәкілетті министрлік бұл саланы «реформалау керек» деген бастамамен шыға келді», — дейді ол.
Депутат атап өткендей, министрліктің ойынша, енді әр таксист өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болып жарна төлеу керек. Депутаттар бұл нормаға қарсы шыққанда, жарнананы такси қызметімен айналысатын мобильді қосымшаларға тіркелген жеке кәсіпкерлер төлейді деді министрлік. Бірақ міндетті төлемдердің енгізілуі жолаушы тасымалдау қызметінің қымбаттауына әкеледі, жапа шегетін қарапайым халық.
«Осы ретте такси және автобуспен жолаушы тасымалдайтын салаға өзін-өзі реттеу ұйымын енгізу, яғни СРО құрып азаматтарды оның қатарына кіруге міндеттеу тұтас саланың бір қолға өтуіне, салдарынан монополияның орын алуына апарар жол. Біз «Аманат» фракциясының бір топ депуттары бұл қисынсыз шешімді тоқтатын нақты нормаларды заңға енгіздік. Әріптестерімізді де, Үкімет өкілдерін де аталған түзетулерді қолдауға шақырамын», — дейді ол.
Сондай-ақ, көлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға тыйым салатын министрліктің шешімін дереу қайта қарау керектігін айтады.