Госорганы

«Сен салар да мен салар…»: депутат коммуналдық қызметтерді нарыққа жіберудің қате шешім болғанын айтты

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бірнеше жыл бұрын әкімдік құзіретінен алынып бәсекелестік ортаға берілген коммуналдық қызметтердің осы күнге дейін науқаншылықпен іске асып келгенін айтты. Оның сөзінше көгалдандыру, абаттандыру, санитария, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару және жолдарды күтіп ұстау жұмыстары кәсіпкерлік ортаға шығарылғандықтан қала және аудан әкімдерінің құзырында білім саласына да, денсаулық саласына да ықпал ету тетіктері қалмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Осыдан бір жыл бұрын елімізді алапат су тасқыны алғанын білесіздер. Сол уақытта жергілікті әкімдіктерде не бір техника, тіпті қарапайым құрал-саймандардың болмағанына куә болдық. Соның салдарынан тасқынның алдын-алу жұмыстары әлсіз ұйымдастырылды. Нәтижесінде қаншама елді мекен су астында қалды. Осы оқиғадан соң біз Үкіметке жергілікті атқарушы органның коммуналдық-шаруашылық саясатын ретке келтіру бойынша нақты ұсыныстарымызды жолдадық. Қазір өңірге депутаттар барған сайын, бірінші кезекте көтерілетін мәселе – әкімдердің қарауында қажетті коммуналдық ресурстардың болмауы. Бұл ретте, кез келген апаттық жағдай, әлеуметтік мәселе болса, таяқтың ұшы бірінші кезекте әкімдерге тиетінін білеміз. Шынтуайтында, қала және аудан әкімдерінің құзырында білім саласына да, денсаулық саласына да ықпал ету тетіктері қалмаған», — деді ол.

Депутат айтқандай, бірнеше жыл бұрын «бизнес тиімді ұйымдастырады, нарық бәрін реттейді» деп коммуналдық қызметтер кәсіпкерлік ортаға шығарылды. Бірақ бұл үрдіс еліміздің әкімшілік-басқару жүйесін, өндірістік-кәсіпкерлік мәдениетін, инфрақұрылымдық, географиялық және территориялық ерекшеліктерін және басқа да факторларды ескермей іске асты.

Елнұр Бейсенбаев соның салдарынан туындаған жүйелі проблемаларды атап өтті.

«Біріншіден, Үкімет көгалдандырумен жыл он екі ай айналысатын жоғары білікті мамандары және мықты материалды-техникалық базасы бар арнайы коммуналдық мекемелердің жұмысын тек бәсекелестік ортаға ғана емес, сондай-ақ кейбір қоғам өкілдеріне тікелей беру туралы шешім қабылдады. Оның ішінде, ерекше қажеттігі бар азаматтардың ұйымдарына басымдық берілді. Бұл мәселеде де сұрақтар жетерлік.

Өйткені көктем, күз айларында көшеттерді отырғызу, санитарлық кесу, саябақтарды күтіп ұстау, агротехникалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, инвентаризация жасау және басқа да жұмыстар жыл бойы атқарылуы қажет. Ал жыл сайын өткізілетін конкурстар мердігерлердің үнемі ауысуына және көгалдандыру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуіне кедергі болып отыр. Бұл өз кезегінде коммуналдық салада жүйесіздікті туындатып, аталған міндеттердің уақытылы орындалмауына алып келді. Яғни қарапайым тілмен айтқанда, «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебін киіп жүрміз», — деді депутат.

Оның айтуынша, мұндай жағдай абаттандыру және санитария жұмыстарында да болып отыр. Мысалы, балалар мен спорт алаңдарының құрылысын, ауланы, жолды қардан, қоқыстан тазартуды жыл сайын тендерді ұтып алған компания жүргізеді, көбінесе олардың бұл салада тәжірибелері жоқ. Соның салдарынан балалар жарақат алған немесе қаза тауып жатқан фактілер де бар.

«Сондай-ақ, қалалар мен аудандарда тұрмыстық қалдықтарды жинауды, тасымалдауды бірнеше жеке компания бөліп алған. Ал жергілікті әкімдерге қалдықтарды көму мен полигонды ұйымдастыру қарастырылған. Бұрынғыдай барлық процесті іске асыратын бірыңғай жүйе жоқ. Осыған байланысты қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу өте төмен деңгейде. Мәселен, осыдан 3-4 жыл бұрын Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында конкурстық рәсімдер соттағы дауларға байланысты кешіктіріліп, елді мекендердегі санитарлық тазалау және абаттандыру мәселелері 9 ай бойы шешілмей келді. Мұндай фактілер басқа облыстарда да бар. Жағдай осы күйінде қала берсе, тұрмыстық қалдықтарды түрлері бойынша іріктеп жинау тұрмақ, қоқыстарды тазартудың өзі мұң болмақ», — дейді депутат.

Ол осы мәселелер саладағы білікті мамандардың тарап кетуіне, біртұтас жүйенің ыдырауына, мамандандырылған коммуналдық бизнес-құрылымдардың қалыптаспауына алып келгенін айтады.

«Коммуналдық қызметтер бәсекелестік ортаға шығаратын, пайда әкелетін емес, тек шығын шығатын қызметтер. Біздің пайымымызша, осы коммуналдық қызметтерді нарыққа жіберу қате шешім болды. Осы саладағы жұмыс сапасының төмендеуі және конкурстағы сыбайлас жемқорлық халық арасында әлеуметтік шиеленісті тудырып, орталық және жергілікті билік органдарына жиі наразылық білдіруіне әкеліп отыр. Коммуналдық міндеттерді кәсіпкерлік ортаға беру тәжірибесі дамыған шет елдерде де болған. Алайда ол тиімсіз болғандықтан, бұл функциялар мемлекетке кері қайтарылған. Мәселен, Германия, Франция, Ұлыбритания, Канада, АҚШ және тағы басқа елдерде көгалдандыру, қоқыс жинау, абаттандыру, жолдарды күтіп ұстау жұмыстарымен арнайы мемлекеттік ұйымдар айналысады. Біз кәсіпкерлік ортаға мемлекеттік функцияларды беруге қарсы емеспіз. Бірақ мемлекет пен қоғам үшін маңызды коммуналдық қызметтер мемлекет иелігінде болуы керек», — деді депутат.

Елнұр Бейсенбаев абаттандыру және көгалдандыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және өңдеу, автокөлік жолдарын күтіп ұстау жөніндегі қалалық және аудандық коммуналдық кәсіпорындарды заңнамамен қалпына келтіруды ұсынды.

Ол барлық коммуналдық кәсіпорын 100 пайыз әкімдіктің қатысуымен және жергілікті бюджеттен тікелей қаржыландырумен жауапкершілігі шектеулі серіктестік түрінде құрылуы керек деп санайды.

«Сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайту үшін РОП қаражатынан қаржы ресурстарын бөлуді қамтамасыз ету қажет. Қайта құрылған коммуналдық кәсіпорындар жыл сайын тиісті мәслихатта өз тарифтерін бекітіп, тоқсан сайын депутаттар алдында есеп беруі тиіс», — деді Елнұр Бейсенбаев.

Другие новости

Back to top button