Қазақстан көктемгі су тасқыны кезеңіне дайын ба
Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз көктемгі су тасқынына қатысты болжам ақпан айында жасалатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, елдегі су тасқынын болжау және модельдеудің цифрлық жүйесі әлі жасалып жатыр.
«Біз бұл ақпараттық жүйені үкімет деңгейінде бір рет таныстырған едік. Нақты мерзімін айта алмаймын, бірақ осы жылдың басында іске қосылады. Жүйе өте күрделі, кейбір өңірлер бойынша біз модельдеп қойдық. Мақсатымыз – барынша шынайы жағдайға жақындайтын модель құру. Ол жерде біз ескеретін өте көп фактор, өте көп нюанс бар», — деді Бекнияз Мәжіліс кулуарында.
Вице-министр көктемгі су тасқынына қатысты болжам бірінші ақпаннан кейін белгілі болатынын атап өтті.
«1 ақпанда «Қазгидрометтен» метеожағдай туралы алғашқы болжамдар түсе бастайды. Сосын біз оларды жүйеге енгізіп, су тасқынының болжамын аламыз», — деді ол.
Үкімет су тасқыны кезеңіне дер кезінде дайындалып үлгере ме деген сұраққа «иә, әрине» деп қысқа қайырды.