Түркияда қаралы күн: қонақ үй өртінен қаза тапқандар саны 76 адамға дейін жетті
Түркияның танымал тау шаңғы курортындағы 12 қабатты Grand Kartal қонақ үйінде өрт болып, 76 адам қаза тапты. Олардың кейбірі амалсыздан терезеден секіріп кеткен, деп хабаралайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасай отырып.
Демалыс орнында 234 адам демалып жатқан. Өрт 12 сағаттан кейін сөндірілді. Әділет министрі қонақ үйдің иесімен қоса алғанда 9 адамның ұсталғанын мәлімдеді.
Қаза тапқандар арасында 10 жастағы спортшы қыз бен оның анасы, қонақ үйдің бас аспазы, белгілі кәсіпкердің қызы мен 17 жастағы жиені, газет тілшісі мен оның әйелі, сол сияқты олардың 18 және 22 жастағы балалары, университет профессоры бар.
Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, 51 адам жарақат алған, оның біреуі жансақтау бөлімінде жатыр.
Өрттің себебі әлі анықталған жоқ, бірақ алдын ала мәліметтерге қарағанда, өрт төртінші қабаттағы мейрамханадан шығып, жоғары жақтағы бөлмелерге тараған.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ісіне салғырт қарап, өрттің шығуына себеп болғандар «жауапқа тартылатынын» айтты.
Ол Х желісіндегі жазбасында бір күндік аза тұту күнінің жарияланғанын хабарлап, сәрсенбінің кешіне дейін Түркия туларының түсірілетінін хабарлады.
Болу таулары — Ыстанбұл мен Түркияның астанасы Анкарадан келетін шаңғышылар арасында өте танымал мекен.