Тәтті сусыннан жыл сайын 300 мың адам өледі — зерттеу
Тафтс университетінің ғалымдары жетекшілік еткен халықаралық зерттеуге сәйкес, тәтті сусындар жыл сайын әлем бойынша 300 мыңнан астам адамның өліміне себеп болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Bild-ке сілтеме жасап.
ЦИФРЛАР
Олардың ішінде шамамен 80 мың адам екінші типті қант диабетінен, ал 258 мың адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болады.
118 елден 2,9 миллион адамның тамақтану рационына негізделген зерттеу нәтижелері бойынша лимонадтар, энергетикалық және жеміс сусындары жыл сайын жүрек ауруларының 1,2 миллион жаңа жағдайын және екінші типті қант диабетінің 2,2 миллион жағдайын туындатады. Ғалымдардың айтуынша, бұл сусындарды шамадан тыс тұтыну қандағы қант деңгейінің көтерілуіне, инсулинге төзімділікке және артық салмақ мәселелеріне алып келеді.
ЖАРНАМАНЫҢ КЕСІРІ
Әсіресе, жағдай дамушы елдерде күрделі, онда тәтті сусындар белсенді түрде жарнамаланады. Колумбияда диабеттің жаңа жағдайларының жартысына жуығы осы сусындарды қолданумен байланысты, Мексикада бұл көрсеткіш үштен бірі, ал Оңтүстік Африкада диабеттің 28 пайызы және жүрек-қан тамырлары ауруларының 15 пайызы осы өнімдерді шамадан тыс тұтыну нәтижесінде пайда болған.
Ғалымдардың пікірінше, бұл сусындардың жарнамасын және қолжетімділігін шектеу қажет, әсіресе табысы төмен және денсаулық сақтау жүйесі жеткілікті дамымаған елдерде.