Мангистауская область

Маңғыстау облысында оқушылардың тамақтан жаппай улануы: Ата-аналар кәсіпкерді лицензиясынан айыруды талап етті

Маңғыстау облысында мектеп оқушыларының жаппай астан улануына қатысты іс Мұнайлы аудандық сотында қаралып жатыр. Балалардың тамағына жауапты кәсіпкерге «санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша айып тағылды. Балалардың ата-аналары кәсіпкерді қатаң жазалауды сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Жәбірленуші тарап судьядан айыпталушының компаниясын қара тізімге енгізіп, лиценциясынан айырсын деп талап қойып отыр. Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, мектеп асханасында шыбын-шіркей қаптаған. Ол асханада күнделікті тазалық жұмыстары жүргізілмеген, аспаздар жеке гигиенаны сақтамаған деп отыр. Сондай-ақ прокурордың сөзінше, балалар ұшынған картоп езбесі бір күн бұрын дайындалған. Мұны естіген балалардың ата-аналары кәсіпкерді қатаң жазалап, компаниясын қара тізімге енгізуді сұрады.

“Әлі күнге дейін балаларымыз уланғанның зардабын көріп жүр. Әлі күнге дейін балаларымызға БАД алып ішкізіп жатырмыз. Бұл жерде 400 бала қалай қиналды, ата-ана қалай қиналды. Сол үшін Шапкеноваға қояр арыз-талаптары ата-аналардың мектеп асханасына жоламауын талап етеміз. Әрі лицензиясынан айыру керек”, – дейді ата-аналардың бірі Сәуле Шәлкенова.

Балалардың тамағына жауапты компанияның басшысына «санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша айып тағылып отыр. Алайда кәсіпкердің адвокаты тергеудің мәліметімен мүлдем келіспейді.

“Балалар улану фактісі бар. Бірақ не себепті болғанын тергеу оны анықтамаған. Нағыз дәлелдеме, сараптама жоқ. Тамақтың ішінде инфекциялық зат табылғаны жөнінде ешқандай мәліметтер жоқ. Біз көп дәлелдеме жинадық өз жағымыздан. Оны сотқа ұсынамыз. Сол тамақ басқа мектепке де таратылған. Бірақ басқа мектептің балалары уланбаған”, – дейді адвокат Жақсыбек Айымбетов.

Қазір 50 куәгерден жауап алынып жатыр. Жәбірленушінің жалпы саны – 395. Тергеу материалында сараптама қорытындысы бойынша мектеп асханасының төрт қызметкерінен стафилококк анықталғаны туралы жазылған.

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау облысында Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте оқушылар жаппай тамақтан уланып қалған еді. Деректерге сенсек, мектеп асханасына барған 1-4-сынып оқушылары зардап шеккен. Алты қызметкерге стафилококк диагнозы қойылды.

Другие новости

Back to top button