Абайская область

Семейде шыршадан құлаған мұғалімнің мәселесі Бас прокуратураға жетті — ұстаз өмір бойы төлем алуы мүмкін

Парламент Мәжілісінің депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Семейдегі жағдайға байланысты Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат Жұлдыз Сүлейменова 21 желтоқсанда №49 мектептің мұғалімі Қуат Айтқалиев Семей қаласының орталық алаңында жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде биіктіктен құлап, ауыр жарақат алғанын, қазірг жағдайы өте ауыр екенін еске салды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға арналған. Бұл заң мұғалімдердің негізгі қызметіне жатпайтын артық міндеттерден қорғауы шарт. Алайда осы жағдай «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзып тұр», — деп мәлімдеді Сүлейменова.

Осыған байланысты AMANAT партиясы фракциясының мүшелері бас прокурордан мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тарту шешімін қабылдаған және «Педагог мәртебесі туралы» заңды бұзған тұлғаларды анықтап, қатаң жауапкершілікке тартуды сұрады.

«Бүгінгі таңда мектеп директорлары мен білім бөлімінің басшылары ғана жауапкершілікке тартылған. Бұл әділетсіз және қисынсыз деп санаймыз. Сондықтан да осы шешімді берген барлық тұлға анықталып, жауапкершілікке тартылсын. Зардап шеккен мұғалімге толық медициналық көмек көрсетуді және заңды өтемақы төлеуді, оның ішінде педагогтың алған жарақатын өндірістік жарақат деп тануды және оған өмір бойы өндірістік жарақатқа берілетін төлемді тағайындауды қарастыруды сұраймыз», — деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ депутатар бүкіл облыстағы барлық орта мектепте тексеріс жүргізіп, мұғалімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауды ұсынды.

«AMANAT партиясы фракциясы Қазақстанның Бас прокуратурасынан осы мәселені жеке бақылауға алып, кінәлілерді жауапқа тартып және зардап шеккен жағдайы ауыр педагогтың құқықтарын толық қорғауды қамтамасыз етуде нақты шаралар қабылдауды сұраймыз», — деп түйіндеді сөзін Сүлейменова.

Другие новости

Back to top button