Абайская область
«Жансақтау бөлімінде жатыр»: Семейде шырша сәндеймін деп құлап кеткен адамның кім екені анықталды
Семейде қалалық шыршаны безендіру кезінде биіктен құлаған адам мектеп мұғалімі әрі жазушы Қуат Айтқали болып шықты. Бұл туралы оның досы Біржан Ахмер жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір биіктіктен құлаған Қуат Айтқали жансақтау бөлімінде жатыр.
«Ол №49 мектепте жұмыс істейді. Қазір науқастың жағдайы ауыр. Мәселеге тікелей қатысы бар тұлғалар ел алдында жауап береді деп ойлаймыз. Қуаттың денсаулығы мектеп басшылығына емес, өзіне, отбасына керек. Мұғалімдерді осындай жұмысқа тарту қаншалықты дұрыс? Досыма амандық тілеймін. Тезірек сауығып кетсін», — деп жазды Біржан Ахмер.
Осыған дейін Семейде жаңажылдық шыршаны безендіріп жүрген мұғалімнің биіктен құлап, жарақат алғанын хабарлағанбыз. Оқиғаға байланысты оқу-ағату министрі Ғани Бейсембаев пікір білдірген болатын. Ал облыстың білім басқармасы оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.