Есірткі жасырғаны үшін сотталған мыңнан аса адам мерзімінен бұрын босауы мүмкін: заң мақұлданды
Қазақстанда есірткі таратқаны үшін жазасын өтеп жатқан мыңнан астам адам мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін Парламент Сенаты «Кейбір заңнамалық актілерге есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда мақұлдады.
Заңда есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен курьер функциясын орындайтын адамдар үшін жазаны саралау мақсатында Қылмыстық кодексте жеңілтектік салдарынан қылмысқа тартылған жастар үшін жауаптылықты жеңілдету және бас бостандығынан айыру мерзімін өмір бойына дейін ұзарту нормасы көзделген.
«Енді есірткі өндірушілер үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал есірткі жасырып қоюшылар үшін жауапкершілік сараланды. Жаңа өзгерістер бойынша, 1 мыңнан астам сотталған азаматтың шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға құқығы бар. Олар «закладчиктер», курьер дейміз, «кладмен» дейміз, неше түрлі аттары бар. Бірақ олардың бәрі есірткі сатушылардың құрамына кіреді. Біз олардың әлеуметтік потретін жасадық. Барлығы дерлік 16 жастан 30 жасқа дейінгі адамдар. Өкінішке қарай, жастар қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр», — деп түсіндірді Әділов Сенат кулуарында.
Ол есірткі үшін түрмеде отырған мыңнан астам адамның ісі жеке-жеке қаралатынын атап өтті.
«Олар қорғаушылары арқылы сотқа ұсыным беруге мүмкіндіктері бар. Сот әрбір адамның ісін тағы да мұқият қарайды»,- деді министр орынбасары.
Осылайша Сенат мақұлданған заңға президент қол қойып, заң күшіне енгеннен кейін есірткі жасырғандар мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға өтініш бере алады.
ІІМ ақпаратынша, қазір Қазақстанда есірткі қылмысы үшін 4 мыңға жуық адам сотталған. Соның ішінде 1220-сы – есірткі жасыратындар.
Жаңа заң бойынша есірткі жасыратындар үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.