Көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған қайырымдылық ақшаны ұрлады деген күдікпен қамауға алынған Перизат Қайрат бренд сөмкелер мен зергерлік бұйымдарға құмар болған. Қаржы мониторингі агенттігі таратқан ақпарат бойынша, Перизат Қайраттың бір сөмкесінің өзі 25 млн теңге тұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайырымдылық қорының басшысы су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгені жымқырды деген күдікке ілінген.
Бүгін Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайраттан тәркіленген мүліктерді көрсетті.
«Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және тағы басқа танымал әлемдік брендтердің киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді», — делінген хабарламада.
Күдіктіден тәркіленген қымбат зергерлік бұйымдардың жалпы құны 70 млн теңгеден асады. Мәселен, Graff брендінің сырға-алқалары 10 млн теңгеден басталса, Rolex сағатын 7 млн теңгеге сатып алған. Ал Bulgari сағаты 6 млн 750 мың теңге тұрады екен.
Бұдан бөлек, Перизат Қайраттың бренд сөмкелерге деген махаббаты да ерекше болған сыңайлы. Құқық қорғау органдары күдіктінің үйінен жалпы құны 110 млн теңгеден асатын ондаған сөмке тапқан.
Бренд сөмкелердің ең арзаны 1 млн теңге тұрса, ең қымбаты да 25 млн 600 теңге болып шықты. 2 млн, 4 млн, 14 млн теңгеге сатып алған сөмкелері де бар.
ҚМА Перизат Қайраттың жиырма шақты бренд сөмкесінің суреті мен бағаларын жариялады. Перизат Қайрат барлық сөмкесіне P.K деп аты-жөнінің бас әріптерін жаздырған.