«Күйеуім күрес федерациясының вице-президенті»: Тәжімбетованың жолдасы Жұлдыз Әбдукәрімованың ісіне неге бас сұғып жүр (ВИДЕО)
Танымал актриса Жұлдыз Әбдукәрімова алаяққа алданып, не пәтерсіз, не жер үйсіз қалғанын бұған дейін хабарлаған едік. Қазір бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, Диляра Тәжімбетова куәгерден күдіктіге айналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бірнеше күн бұрын арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Жұлдыз Әбдукәрімова Диляра Тәжімбетованың күйеуі Нұржан Қатаев деген азамат өзін қорқытқанын мәлімдеген. Ашық дереккөздер Нұржан Қатаевтың спортшы екенін айтқан еді. Бүгін журналистерді жинап баспасөз мәслихатын берген Диляра Тәжімбетова жолдасы күрес федерациясының вице-президенті екенін және арызданушы Жұлдыз Әбдукәрімовамен шынымен де кездескенін растады.
«Оны қоқан-лоқы деп айтатын болса, басынан түсіндіріп берейін. Соңғы кездесуде менімен бірге жолдасым ғана болған жоқ. Жұлдыздың қасында Федор деген заңгері мен Қайрат Нұртастың Марат деген ағасы келді. Менің қасымда жолдасым және компанияның заңгері болды. Жұлдыз қатты ашуланып, эмоцияға берілді. Менің жолдасым сол кезде «Жұлдыз, сізге не болды? Талай үйге келіп шай ішіп жүрдіңіз. Талай әңгімелесіп жүрдік. Талай жылап келдіңіз. Сіздің жағдайыңызды түсініп, қол ұшымызды бергенімізге кінәліміх юе? Қайрат жайлы да талай әңгіме айттың» деді. Сол сәтте Жұлдыз эмоцияға беріліп, араласпа деп айқайлады, Менің жолдасым кеудесін ұстап «Астагфируллах» деп кетіп қалды. Бар болғаны сол. Одан басқа кездесу, ұрыс, өзге қоқан-лоқы жасау болған емес» — дейді Тәжімбетова.
Бір қызығы, күрес федерациясының лауазымды тұлғасы алаяқтық фактісіне қатысты өткен бұл кездесуге неге келгенін және іске неге араласпақ болғаны түсініксіз. Біз осы мәселеге қатысты күрес федерациясына сұрау жолдамақпыз.
Айтпақшы, Нұржан Қатаев бүгінгі баспасөз конференциясы өткен орынға келген, бірақ, журналистерге көрінгісі келмеген. Кейін конференция бітпей жатып ол жерден кетіп қалғаны белгілі болды.