Бас прокурор мен ішкі істер министрі ашық тыңдалымда есеп беруі керек – Құспан
Талғарда ұлы мен бауырынан айырылған Қаржаубай Нұрымовтың өзі қамалғаннан кейін Мәжіліс кулуарында журналистер бүгін депутаттарға сол оқиға жөнінде пікір білдіруді сұрады. Депутат Абзал Құспан болған жайттарды әлеуметтік желіде бақылап отырғанын айтады. Ол сонымен бірге, тек осы іс емес, жалпы құқық қорғау органдарына қордаланған мәселелер бойынша Парламентте ашық тыңдалып өткізу керек деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚҰСПАННЫҢ ПІКІРІ
– Құқық қорғау органдары бізге есеп бермейді. Олар тек Қауіпсіздік кеңесіне бағынады. Үкіметке де, Мәжіліске де олар есеп беретін органдар емес. Сондықтан, мен өз тарапымнан төрағаның алдында ашық тыңдалым өткізуді ұсынып отырмын. Ол қолдау тапқан жағдайда онда регламентке сәйкес, барлық БАҚ шақырылады. Егер ол ұсынысым қолдау тапқан жағдайда! Мен одан басқа бұл мәселеге жарық түсірудің, қоғамның алдында есеп берудің басқа жолын көріп тұрған жоқпын.
Депутаттың айтуынша, ашық тыңдалып болған жағдайда көп сұраққа жауап табылар еді.
– Олардың (полиция қызметі туралы сұраққа) қызметі сын көтермейді. Ол түсінікті, – дейді ол.
Абзал Құспан Талғарда ұсталған Қаржаубай Нұрымов туралы ақпараттың бәрін тек әлеуметтік желіден біліп отырғанын айтады. Ашық тыңдалым болған жағдайда депутат құқық қорғау органдарының басшылары есеп беретінін айтады. Ашық тыңдалымға бірінші кезекте ішкі істер министрі мен бас прокурор келуі керек деп есептейді.
ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Талғарда 10 желтоқсан күні полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен. Наразылықтарын жеткізген.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.