«Бір сағызды бүкіл қыз шайнаймыз»: Айнұр Тұрсынбаева балалық шағын айтып, көпшілікті күлдірді
Белгілі коуч, психолог Айнұр Тұрсынбаева балалық шағынан сыр шертіп, тоқырау заманында дүниеге келгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі жұлдызы сөз басын қазіргі балалардың әлсіз денсаулығынан бастады.
“Біздің бала кезімізде қазіргідей вирус жоқ па еді, әлде біздің иммунитетіміз сұмдық болған ба?! Мысалы, мен бала кезімде өмірі ауырмағанмын. Тіпті жөтелмегенмін. Мектептен қарнымыз ашып шығады. Үйге жеткенше опырып қар жеп қайтамыз. Бізде сонда “ангина” неге болмаған?! Қазіргі балаларға мамалары балмұздақты ерітіп, жылытып беріп жатқанын көргенде өзімнің бала кезімді аяп кетемін. Мектептен қайтып келе жатып сырғанаймыз, аяздан мұрнымыздың іші сықырлап қатып қалатын. Пимамыз тесіліп, аяқ шылқыған су боп кетеді. Дала қақаған аяз. Сонда неге бір адам «мына бала суық тиіп ауыратын болды» деп уайымдамаған. Қазір сәл желдеткіш ашылса, балаға суық тиіп қалады”, – деп жазды коуч-психолог.
Сондай-ақ айтыскер ақын жеке гигиенаға қатысты да бала кезіндегі естелікті бөлісті.
“Біздің Көкжыра ауылында тәтті тапшы болатын. Әсіресе сағызды табу мүмкін емес еді. Бәріміз смола шайнайтынбыз. Қаладан біреулер келе қалса, тәтті сағыз әкеледі. Жарымағандай 1-2 дана әкеледі ғой тағы. Қолыңа тиетіні – жалғыз сағыз. Оны ауладағы бүкіл қыз кезектесіп, бес минуттан шайнаймыз. Кей кезде ұлдар да сұрап шайнап тұратын. Әйтеуір әбден іріп кеткенше шайнамайтын адам жоқ еді ғой. Сонда бір вирус жұғады деп ойламаймыз. Гигиена деген нәрсе атымен жоқ еді ғой. Қазір ше?! Қазіргі балалардың қасына маскасыз жолап кетсең бітті ғой, ертесіне температурасы қайнап жатады”, – деп күлдірді айтыскер ақын.
Еске салайық, «Басқа қызға үйленіп тынды» деп Айнұр Тұрсынбаева махаббат туралы хикаяны бөліскен еді.