Қазақстанда 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру басталды
Мемлекет басшысы жақында өткен агрофорумда агроөнеркәсіптік кешен экономикалық өсімнің негізгі күштерінің бірі саналатынын атап өтті. Үкімет АӨК дамыту жөніндегі міндеттерге қол жеткізу мақсатында кешенді шаралар қабылдауда.
Қазақстанда Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша фермерлердің өтініш-тілектерін ескере отырып, осы жылдың 29 қарашасынан бастап 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуді қаржыландыру басталды.
— Президенттің тапсырмасын орындау шеңберінде 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 700 млрд теңгеге дейін бағытталады, оның 560 млрд теңгесі капиталдың нарықтық көздерінен тартылатын болады. Бүгіннен бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жылдық 5% деңгейінде жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесімен «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша қаржыландыру тетігі іске қосылды, — делінген хабарламада.
684 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден шамамен 82 млрд теңге сомаға өтінімдердің жалпы пулы қалыптастырылды, оның ішінде 176 өтінім жұмысқа қабылданды.
Тағы 509 өтініш бойынша 59,9 млрд теңгеге құжаттар жиналады.
Өтінімдердің басым көпшілігі Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының фермерлерінен келіп түсті.
Қаржыландыру алғаш рет көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуден бұрын басталғанын атап өту маңызды, бұл фермерлерге тұқымды, тыңайтқышты алдын-ала сатып алуға, техниканы дайындауға және барлық қажетті жұмысты сапалы жүргізуге мүмкіндік береді. Үкімет қабылдаған шаралардың арқасында шаруалар өздеріне барынша қолайлы жағдайлар бойынша жедел қаржылық қолдау алады. Бұдан басқа, қарыздарды ресімдеу үшін де, оларды кейіннен өтеу үшін де жүгінуге болатын қаржы институттарының саны ұлғайды. Қаражатқа екінші деңгейлі банктер, несиелік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Аграрлық несие корпорациясы арқылы қол жеткізуге болады. Сондай-ақ кәсіпкерлер жиі көтеретін кепілмен қамтамасыз етудің жетіспеушілігі мәселелерін шешу үшін «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша қарыз сомасының 85%-ын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдік береді.
Консультация алу және өтінімдер беру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жақын маңдағы өңірлік филиалдарына жүгіну қажет. Қосымша ақпаратты Agrocredit.kz сайтынан алуға болады және Kcell, Activ, Beeline абоненттері үшін 5353 Call center нөмірі; Tele 2, Altel үшін 8 701 006 19 91 телефон нөмірі жұмыс істейді.
Бұған дейін Сенат ЕАЭО-да ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасына қатысты заңды мақұлдады.
https://kaz.inform.kz/news/kazakstanda-2025-zhilgi-koktemg-egs-zhumistarin-karzhilandiru-bastaldi-494da7/