«Итбалық неден қырылып жатқанын ешкім білмейді»: депутат кәсіпорындардың ақпаратына күмән келтірді
Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин мұнай-газ өндірісінің экологияға әсерін кәсіпорындар емес, мемлекет өзі толығымен бақылауы керек екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта Каспий теңізінде болып жатқан экологиялық жағдайлар қоғамда әртүрлі сұрақ туғызып отыр.
«Әсіресе, итбалықтардың неден өліп жатқанын нақты ешкім айта алмай отыр. Жалпы еліміздегі барлық кәсіпорын экологиялық мониторингті өздері жүргізіп отыр. Сондықтан олар ұсынған мәліметтің шынайылығы күмәнді. «Кім ақша төлейді, сол музыкаға тапсырыс береді» деген әңгіме бар ғой. Қазіргі жағдай осыған ұқсас. Мемлекет өзі толық қоршаған ортаға мониторинг жасамай, біз кімнің, қалай, қандай зиянды заттармен, қанша көлемде экологияны бүлдіріп жатқанын нақты айта алмаймыз», — дейді Жаңбыршин Мәжілісте «Мұнай саласының қазіргі жағдайы және оны дамыту перспективалары» туралы өткен үкімет сағатында.
Оның айтуынша, тіпті Экология министрлігінде тіпті, су айдындарын зерттейтін арнайы жабдықталған кеме де жоқ. Мәжілісменнің пікірінше, Каспий теңізіндегі кен орындарының айналасына қоршаған ортаның жағдайын құзырлы органға онлайн беріп отыратын автоматтандырылған стационарлық станцияларды орнататын кез келді.
«Мұндай стационарлық қондырғылар жерде де орнатылуы керек. Сонда ешқандай дау тумайды. Кім бүлдірді, айыппұл төлейді. Бұл халықаралық принцип. Экологиялық талап еліміздегі барлық мұнай-газ компаниясына қатысты. Компания таза стандарттарды сақтай ма, онда оған қойылатын сұрақ жоқ. Біз мұнайды басқа өніммен алмастыра аламыз, бірақ Каспий теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге ғасырлар керек болады», — деп мәлімдеді Жаңбыршин.