ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев журналистер сұрағына жауап берді.
Сауалдардың бірінде Қызылорданың «Қайсар» футбол клубының қаржылық мәселесі сөз болды.
Журналистер қауымы клуб ойыншыларының соңғы 3 айдан бері жалақы алмағанын айтып, жағдайдың қалай шешілетінін сұраған болатын.
«Клуб басшылары маған келіп, бюджетті көбейтейік, 1-2 орындарға таласамыз деп айтады. Футболға 5 млрд теңге бөліп, чемпион болмай-ақ қойдым. Біз қазір ауыл спортына көбірек көңіл бөліп жатырмыз», — деді Нәлібаев.
Әкім қазіргі уақытта бұқаралық спортты дамыту мен ауылдық жерлерде спортқа жағдай жасауға басымдық берілгенін алға тартты.
Жалпы, қазақстандықтар шетелден келген ойыншыларға қомақты қаражат беру, клубты облыс бюджетінен қаржыландыруға жиі қарсы шығады. Шетелде әр клуб жарнама, өзге де тетіктер арқылы өз жағдайын жасаса, отандық клубтар әкімдікке алақан жайып отыр. Нәлібаевтың сөзі өзге өңір басшыларына ой салған шығар…