Образование

Қазақстанда 58 мектеп лицензиясыз жұмыс істеген

Оқу-ағарту министрлігі биыл білім ошақтарына тексеріс жүргізіп, 58 мектептің лицензия алмағанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Лицензиясы жоқ мектептер негізінен Астана мен Алматы қалаларында, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында орналасқан. Оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша айыппұл салынды. Қазір 58 мектептің 17-сі тиісті лицензиясын алып, талапты орындаған.

«Білім туралы» заңға сәйкес барлық мектеп білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуға міндетті. Лицензияның болмауы мектептердің талаптарға сәйкестігі бойынша тексерістен өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжат тапсырмағанын білдіреді. Мектептер лицензия алған сәттен бастап қана білім беру қызметімен айналысуға құқылы. Егер мектеп мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жабылуға тиіс», — деп мәлімдеді білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.

Лицензия алу үшін мектептердің материалдық-техникалық базасы, білікті ұстаздары болуы керек. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалар сақталып, оқушыларға медициналық қызмет көрсету жұмысы ұйымдастырылуы қажет.

Егер мектеп осы талаптарға сәйкес келмесе, алдымен әкімшілік жаза қолданылады. Ал заң бұзу фактілері қайталанған жағдайда білім ошағының қызметі уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Другие новости

Back to top button